Жарияланды: 690

"Эйр Қазақстан" ЖАҚ әуе компаниясын банкрот деп тану процедурасын бастау туралы Алматы экономикалық сотының шешіміне қарсы қалалық сотқа шағым түсіруге болады

"Эйр Қазақстан" ЖАҚ әуе компаниясын банкрот деп тану процедурасын бастау туралы Алматы экономикалық сотының шешіміне қарсы қалалық сот пен ҚР Жоғарғы сотына шағым түсіруге болады. Бұл туралы KZ-today тілшісіне берген сұхбатында Алматы экономикалық сотының төрағасы Қуанышбай Қыдырбаев хабарлады.

Қ.Қыдырбаевтың пайымдауынша, кредиторлық берешек мөлшерін "Эйр Қазақстан" ЖАҚ сот барысында мойындады. "Берешектің жалпы көлемі 8 млрд. теңгені құрайтындықтан, компания шешімге қарсы шағым түсіре қоймас деп ойлаймын",- дейді ол. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 16-сәуірде Алматы экономикалық соты "Эйр Қазақстан" ЖАҚ әуе компаниясын банкрот деп тану процедурасын бастау туралы шешім шығарған. Шешім 15 күннен кейін күшіне енуі тиіс. "Эйр Қазақстан" ЖАҚ әуе компаниясы ҚР көлік және коммуникация министрлігіне 2004-жылдың ақпан айынан бастап бірқатар тұрақты авиациялық бағыттар бойынша ұшуларды доғаратынын мәлімдеген болатын. Ондай жағдайға компанияның қаржылық ахуалы түрткі болған. Қазіргі жағдаймен компанияның кредиторлық берешегі 55-60 млн. долларға жетіп жығылды. ҚР азаматтық авиация комитетінің төрағасы Алмасбек Мәмбетовтың айтуынша, "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ның берешегі туралы баян 1999-жылдан бастау алады. "Ол кезде әуе компаниясы басшылығының теріс саясаты салдарынан қаржылық лизинг жолымен 102 млн. долларға алынған екі Бойнг-737 және екі бірдей А-310 аэробусы әуе компаниясын қарызға белшеден батырған". А.Мәмбетовтың айтуынша, берешек содан бері мүлдем азайған жоқ. "Республика үкіметі ахуалды өзгертуге екі мәрте қадам жасады. Алғаш рет 2001-жылы ҚР үкіметі екі аэробусты сатып алуы нәтижесінде "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ның 4,5 млн. доллар көлеміндегі қарызы өтелді. Ал 2002-жылы үкімет Қазкоммерцбанкке берешегі үшін "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ның акцияларын 15 млн. долларға сатып алды. Нәтижесінде Қазкоммерцбанк әуе компаниясының 20 млн. доллар шамасындағы қарызына кешірім беріп, басқа да кредиторлық берешектерді өтеу ұзақ мерзімге кейінге шегерілді",- деді А.Мәмбетов. 2000-жылдың 30-желтоқсанынан бері "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-на Еркін Қалиев басшылық етеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін