Жарияланды: 500

"Эйр Қазақстан" ЖАҚ кредитор 9 компанияға берешегін мойындады

2004-жылғы 16-сәуірде Алматы экономикалық сотында болған сот мәжілісі барысында "Эйр Қазақстан" ЖАҚ кредитор 9 компанияға берешегін мойындады. Бұл туралы KZ-today тілшісіне берген сұхбатында Алматы экономикалық сотының судьясы Шекер Байғожина хабарлады.

Оның айтуынша, ""Эйр Қазақстан" ЖАҚ -ын банкрот деп жариялау туралы іс қозғалғаннан бері жеке талап иесі түрінде емес, бұл іске Алматы халықаралық әуежайының шағым талаптарын қолдаушы үшінші жақ ретінде қатысуға 9 кредитор ниет білдірген". Нәтижесінде Эйр Қазақстан" ЖАҚ оларға берешегін толық мойындады. Атап айтсақ, ол 35,3 млн. теңгені "Ерминстрой" ААҚ-на, 853 мың долларды "МС Мира Импекс компаниясына", 1,4 млн. теңгені "Время" баспасына, 2,6 млн. теңгені "Алматытелеком" қалалық телекоммуникациялық орталығына байланыс қызметі үшін, 272 мың долларды "Союз Авиа" ЖШҚ-на, 25,3 млн. теңгені Авиа консалтинг компаниясына, 723 мың долларды "Авиаэкспресс"ЖШҚ-на , 57,7 млн. теңгені "Гелеос" ЖШС-не, 456 млн. теңгені Түрксіб аудандық салық комитетіне, 679 млн. теңгені Алматы халықаралық әуежайына 2001-жылғы тамыз айынан бергі берешек ретінде қайтаруы тиіс. Ш.Байғожинаның айтуынша, "Банкроттық туралы" заңның 71-бабына сәйкес сот шешімі күшіне енгеннен кейін 2 ай ішінде кредиторлар компанияның конкурстық басқарушысына өздерін кредиторлар реестріне енгізу жөнінде өтініш беру құқығы белгіленгендіктен, алдағы уақытта кредиторлар саны арта түседі деп күтілуде". Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 16-сәуірде Алматы экономикалық соты "Эйр Қазақстан" ЖАҚ әуе компаниясын банкрот деп тану процедурасын бастау туралы шешім шығарған. Шешім 15 күннен кейін, 7-мамырда күшіне енуі тиіс. "Эйр Қазақстан" ЖАҚ әуе компаниясы ҚР көлік және коммуникация министрлігіне 2004-жылдың ақпан айынан бастап бірқатар тұрақты авиациялық бағыттар бойынша ұшуларды доғаратынын мәлімдеген болатын. Ондай жағдайға компанияның қаржылық ахуалы түрткі болған. Қазіргі жағдаймен компанияның кредиторлық берешегі 55-60 млн. долларға жетіп жығылады. ҚР азаматтық авиация комитетінің төрағасы Алмасбек Мәмбетовтың айтуынша, "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ның берешегі туралы баян 1999-жылдан бастау алады. "Ол кезде әуе компаниясы басшылығының теріс саясаты салдарынан қаржылық лизинг жолымен 102 млн. долларға алынған екі Бойнг-737 және екі бірдей А-310 аэробусы әуе компаниясын қарызға белшеден батырған". А.Мәмбетовтың айтуынша, берешек содан бері мүлдем азайған жоқ. "Республика үкіметі ахуалды өзгертуге екі мәрте қадам жасады. Алғаш рет 2001-жылы ҚР үкіметі екі аэробусты сатып алуы нәтижесінде "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ның 4,5 млн. доллар көлеміндегі қарызы өтелді. Ал 2002-жылы үкімет Қазкоммерцбанкке берешегі үшін "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ның акцияларын 15 млн. долларға сатып алды. Нәтижесінде Қазкоммерцбанк әуе компаниясының 20 млн. доллар шамасындағы қарызына кешірім беріп, басқа да кредиторлық берешектерді өтеу ұзақ мерзімге кейінге шегерілді",- деді А.Мәмбетов. 2000-жылдың 30-желтоқсанынан бері "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-на Еркін Қалиев басшылық етеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін