«Экобелсенді болудың ең оңай жолы - қоқысты сұрыптауды бастау»: Жас табиғат жанашыры негізгі экологиялық мәселелерді айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 442.05
  • 474.14
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
2 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Экобелсенді болудың ең оңай жолы - қоқысты сұрыптауды бастау»: Жас табиғат жанашыры негізгі экологиялық мәселелерді айтты

«Экобелсенді болудың ең оңай жолы - қоқысты сұрыптауды бастау»: Жас табиғат жанашыры негізгі экологиялық мәселелерді айтты

Біз бүгінде өзі өмір сүріп отырған қоршаған орта мен ондағы экологиялық ахуалға бей-жай қарай алмайтын, экологиялық мәселелерге қатысты азаматтық ұстанымы қалыптасқан, өзінің ұстанымын өзгелерге де насихаттап жүрген тұлғаларды экобелсенді деп айтып жүрміз.

  • 9 Қаңтар
  • 226
Фото - Caravan.kz

Кейінгі кездері мектеп оқушыларының да табиғатқа жанашыр түрлі топтар мен ұйымдардың  қатарынан табылуы, экобелсенді болудың жастар арасында трендке айналуы көңіл  қуантады. Сондай жас экобелсенділердің бірі, өзі мектеп оқушысы болса да  500-ге жуық қатарластарының басын қосып өңірлік экологиялық мәселелердің оң шешілуіне атсалысып жүрген әрі  «Eco MADENIET» атты  экоқозғалыстың негізін қалаған Темірлан Жолдыбайдан Caravan.kz медиа порталының тілшісі экобелсенді болудың негізгі қағидаларын сұрап көрген еді. 

Темірлан Ақтөбе қаласындағы Д.Қонаев атындағы  мектеп гимназиясының 11 сынып оқушысы.  Жас экобелсендінің айтуынша, экологиялық тақырыптарға деген қызығушылығының пайда болуына әлеуметтік желідегі видеолардың ықпалы зор болған.

«2022 жылдың жаз айларында “TikTok” әлеуметтік желісінде “Save Planet” , “Save Earth” атты видеолар трендте болды. Адамзатты қоршаған ортаны қорғауға, бізге берілген табиғи ресурстарды ақылға қонымды түрде тұтынуға, экологиялық мәселелерге назар аударуға шақыратын видеолары жиі көрдім. Сол кезде Алматы қаласының жастары қаланы қоқыстан тазартуға шыққан видеоны да көріп қалдым. Сол уақыттан бастап экобелсенді болуға қызығушылығым қатты артты. Бірақ, Ақтөбе қаласында экологияға бағытталған жастарға арналған еріктілер ұйымы болмады. Сондықтан маған ондай ұйымды “неге өзім ашпасқа?” деген ой келді. Көп ұзамай қалай қасыма команда жинасам болады екен деп түрлі тәсілдер қарастыруды бастап кеттім. Осылайша, өзім секілді жастардың басын қосып, еріктілер қозғалысын құрдым. Ұйымның мақсаты — аты айтып тұрғандай экологиялық мәдениетті, табиғатты аялауды насихаттау, азаматтарыдың санасында экомәдениетті қалыптастыру. Ұйым 2022 жылдың тамыз айында ашылды. Ең алдымен біз эко-сенбіліктерден бастадық. Олардың қарапайым сенбіліктерден айырмашылығы — біз фракцияларға сұрыптап жинаймыз, жиналған қоқысты қаламыздағы қайта өңдеу пунктілеріне тапсырамыз. Бізге қаладағы экобелсенділердің бірі, қалалық мәслихат депутаты Айман Қази қолдау білдіріп, жыл бойы жанымыздан табылады», — дейді ол.

Темірлан ұйымда футбол жанкүйерлерінің көп екенін және ұйым мүшелерінің әр ойыннан кейін қаладағы Орталық стадионды тазалайтынын да тілге тиек етті.

«Ұйымдағы еріктілер арасында FC “Aktobe” клубының жанкүйерлері көп. Сондықтан біздің тазалайтын тағы бір алаңымыз — Орталық стадион. Ойынға дейін Орталық стадионға жиналған жанкүйерлермен кездесіп, тазалық сақтауға шақырамыз, ойыннан кейін стадионды қоқыстан тазартамыз. Стадион ойын көретін алаң ғана емес, бұл — біздің сүйікті командамыз ойын көрсететін жер. Сол себепті бізге жанкүйерлер де көмектеседі. Біздің негізгі бағыт “экология” болса да, біз тек қала тазалығымен шектелмейміз. Жастардың қаламызда өтетін барлық мәдени және спорттық шараларға  қатысуына атсалысамыз. Ұйымға басында 40 адам мүше еді, ал қазір табиғат жанашырларының күн санап көбейіп келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Бүгінде  ұйымға 15 пен 25 жас аралығындағы 425-тен астам экобелсенді мүше», — дейді Темірлан Жолдыбай.

Жастарды ортақ идея мен бір мақсат төңірегіне жинаған «Eco MADENIET» ұйымы экологиялық тақырыптардан бөлек, қала жастарына көшбасшылық қасиеттерді дәріптеуді де мақсат еткен.

«Біз экобелсенділермен кездесулер өткізіп тұрамыз. Кездесулерде экологиялық маңызды тақырыптарды көтереміз, қала халқына қоқысты сұрыптаудың маңыздылығын түсіндіріп, дұрыс сұрыптаудың жолдарын үйретеміз. Бар білгенімізбен бөлісіп, кездесулер мен жиындарға қаламыздың экобелсенділерін спикер ретінде шақырамыз. Алдағы уақытта сондай кездесулер мен жиындарға экологиялық сарапшылармен қоса  қаржылық сауаттылық, мобилография, маркетинг, it салаларының сарапшыларын да шақыруды жоспарлап отырмыз. Біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі – табиғатты қорғайтын әрі аялайтын, өз қаласының тазалығына алаңдайтын әрі сол жолда жемісті жұмыс істейтін көшбасшыларды өсіру!», — дейді «Eco MADENIET» ұйымының көшбасшысы.

Темірлан Жолдыбайдың айтуынша, біздің бойымыздағы қарапайым әдет пен дағды қоршаған ортаны сақтауға едәуір әсер етеді.

«Экобелсенді болудың ең оңай жолы — қоқысты сұрыптауды бастау. Үйде қоқысты сұрыптап жинау көп уақытыңызды алмайды. Десе де,  бұл әдет қоршаған ортаны сақтауға үлкен көмек тигізеді. Сонымен қатар, артық тамақ алмау керек. Ата-бабаларымыздан келе жатқан «обал»  деген керемет әрі терең түсінік қашан да өзекті болып қала бермек. Осы екі ұғым экобелсенді болудың алғышарты дер едім.  Осы қарапайым әрі қажетті дүниені түсінген адам уақыт өте тәжірибе жинап, экологиялық өмірдің қызықты және маңызды екенін түсінеді», — дейді ол.

Экобелсенді « Ақтөбе қаласындағы негізгі экологиялық мәселе қоқыс полигоны мен қоқыс жәшіктерінің аздығы», — дейді.

«Қаламыздың басты экологиялық мәселелердің бірі –  қоқыс полигоны. Жаз айларында полигонда түрлі қоқыс араласқаннан кейін, сұрыптамалғанның кесірінен өрт пайда болып қаламызды түтін басатын кездер болып тұрады. Одан бөлек,  қаламыздағы саябақтарда тұрғындар жиі пикник ұйымдастырады. Тұрғындар өздерінен қалған қоқысты жинап, жәшіктердің қасына қойып кетеді.  Алайда, қоқыс жәшіктерінің жетіспеушілігінен қасында жатқан қоқысты тамақ іздеген аш иттер жыртып, шашып кетеді. Бұл өз кезегінде қала тазалығына кері әсер етеді. Алдағы уақытта бұл мәселе де өз шешемін табады деп үміттенеміз», — дейді Темірлан Жолдыбай.

Сөз соңында табиғат жанашыры өз замандастарына кеңес беруді де ұмытпады.

 «Құрметті оқырман, өзіңізге сеніңіз, ісіңізге сеніңіз! Еліміздің болашағы  жастардың, яғни біздің қолымызда. Сондықтан біздің бүгінгі іс-әрекетіміз, ойымыз, алған біліміміз  Отанымыздың болашағын анықтайды. Егер, сіз де мен секілді экобелсенді болғыңыз келсе, өз қалаңыздағы экологиялық топтарға қосылыңыз.  Өзіміз өмір сүріп отырған ортаға, табиғат анаға бей-жай қарамайық. Табиғатты қорғау жолында бірігейік. Себебі, біздің күшіміз – бірлікте!», — дейді Темірлан Жолдыбай.

Соңғы жаңалықтар