Жарияланды: 680

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа үкіметтің алдына қойылатын міндеттерді белгіледі

Бүгін, 18-маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа үкіметті құруға байланысты соңғы оқиғаларға түсініктеме беріп, жаңадан жасақталған министрлер кабинетінің алдына қойылатын міндеттерді белгіледі ,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Бүгін үкіметтің жаңа мүшелері Отанға, Қазақстан халқы мен Қазақстан Елбасына адал қызмет ететіндігі туралы ант берді. "Мен бұл жаңа үкімет әрекеттер үкіметі болатынына сенемін",- деді Н.Назарбаев. Елбасы премьер-министр Даниал Ахметовқа "халықтың көз алдында өсіп келе жатқан" , талай сынақтардан сүрінбей өткен адам ретінде мінездеме берді. Д.Ахметов өзіне сеніп тапсырылған барлық лауазымды қызметтерде, соның ішінде энергетика, мұнай өңдеу, металлургия және химия өнеркәсібі мен ауылшаруашылығы салалары шоғырланған ең ірі индустриялық облыс болып табылатын Павлодар облысында да, сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысында да міндетін мүлтіксіз орындады . "Әкімге экономикадан мәдениетке дейінгі барлық саладағы тауқыметтермен тікелей айналысуға тура келеді. Мұндай бай тәжірибе үкімет басшысының пайдасына жарайтыны сөзсіз ",- деді мемлекет басшысы. "Д.Ахметов екі жыл бойы вице-премьерлік орынтақта отырды, дәл осы Ахметовтың тұсында импорт алмастыру бағдарламасы қолға алынуының арқасында машина жасау саласын жандандыруға мүмкіндігіміз жетті. Индустриялық-инновациялық бағдарлама мен ауылшаруашылығын дамыту бағдарламасы сол жылдардан бастап жасала бастады ",- дей келіп Елбасы, әйтсе де ешкімге де алдын-ала алғыс жариялап, ешкімнің де маңдайынан сипамайтынын , дейтұрғанмен, жаңа кабинет тиімді жұмыс істейді дегенге үміт артатынын атап көрсетті. "Бұл үкімет үшін жұмыс істеу бір жағынан жеңіл, ал екінші жағынан алып қарағанда қиынға түсетін тұстар да бар",- деді Елбасы. Бүгінде қаржылық институттармен қамтамасыз етілген аграрлық және өнеркәсіптік бағдарлама , Каспий теңізінің байлығын игеру бағдарламасы , инфрақұрылымды дамыту бағдарламаларының жобасы жасалып бітті. "Сол себепті жаңа үкіметке ең басты шаруа- экономиканы өсімін қамтамасыз етіп, халықтың тұрмыстық ахуалын жақсарту ғана қалып отыр. Бұл міндеттер қазірдің өзінде жүзеге асырыла бастады",- деді Н.Назарбаев. "Министрлердің орташа жас мөлшері 40 пен 50-дің аралығында. Олардың арасында Павлов, Сүлейменов, Школьник тәрізді тіс қаққандары да, Келімбетов, Досаев, Күлекеев сынды жастары да бар. Кабинеттегі әйел-министрлер де қызметтерін сақтап қалды.",- деді ол. Мәжит Есенбаев, Кәрім Мәсімов және Бауыржан Мұхамеджановтардың тағайындалуына байланысты түсініктеме берген Елбасы мемлекеттік кадрларды дайындауға орасан күш, мол қаржы мен ұзақ уақыт жұмсалатынын ескерте келіп, жинақталған мұндай мол тәжірибені желге ұшыруға болмайтынын атап көрсетті. Осы орайда естеріңізге сала кетсек, мемлекет басшысының кеңесшісі қызметіне тағайындалған Мәжит Есенбаев индустриялық бағдарламаның орындалуын , шағын бизнесті дамыту және Қазақстанды Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке дайындау жұмыстарын қадағалайтын болғаны, ал Елбасының енді бір көмекшісіне айналған Кәрім Мәсімов сыртқы саясат мәселелерін жауаптанып алғаны белгілі. Ал Бауыржан Мұхамеджанов президент аппараты төрағасының орынбасары қызметінде елді демократияландыру жөніндегі Тұрақты кеңестің отырыстарын басқара бермек. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау Агенттігінің үкімет құрамынан шығарылып, тікелей мемлекет басшысына бағындырылу себебіне тоқталған Елбасы : "бұл монополияға қарсы күрес агенттігінің салмағын арттыра түсуге тиіс ",- деп атап көрсетті. Сондай-ақ, президент монополияға қарсы күрес және бәсекелестікті қорғау мәселелері кейінірек өзара ажыратылатынын да хабарлады. Астананың жаңа әкімін Н.Назарбаев құрылыс және коммуналдық мәселелердің қыр-сырына қанық, "қаланың көркем әрі таза болуына тәулігіне 12 сағаттық еңбегін арнайтын" "жұмыстың адамы" деп таныстырды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть