Жарияланды: 560

Елімізде акциздің өсуіне байланысты бензин бағасы тағы қымбаттауы мүмкін

Доллар өсіп, барлығы қымбаттап жатқанда кезек бензинге де жетті! Үкімет бюджетке түсімді арттыру үшін жанармайға төленетін акциз мөлшерін екі есеге көтеріп отыр. Есесіне енді сұйық отын бағасы шарықтауы мүмкін. Өйткені, шығыны артатын кәсіпкерлер акцизге кеткен ақшаны бензин бағасын өсіріп қайтаратыны айтпаса түсінікті. Сондықтан жанармайдың литрі 220 теңгеге дейін жетуі ғажап емес.

127- 128. Жанармай құю бекеттеріндегі баға әзірге осы. Бірақ бүгін ертең сұйық отынның литрі рекордтық көрсеткішке дейін шарықтауы мүмкін. Өйткені, бензинге салынатын салық мөлшері екі есеге артады. Яғни, бұған дейін кәсіпкерлер сырттан әкелген жанармайдың тоннасы үшін үкіметке 5 мың төлеп келсе, енді 11 мың теңге беруі тиіс.

Сергей Смирнов, сарапшы:

-Бұл әрине кәсіпкердің қалтасын қағады. Сондықтан шығынын қайтаруды көздеген бизнесмен бағаны көтереді. Бұл қалыпты жағдай. Баға біртіндеп өсе  береді. 140- 180 болады.

Бағаның бұлайша көтерілуі заңды дейді сарапшылар. Егер бұлай болмаса кәсіпкер банкротқа ұшырап, елде жанармай тапшылығы болуы ықтимал. Оның үстіне біздегі баға Ресей нарығына тәуелді. Қазір ол жақта да сұйық отын қымбаттап жатыр.

Денис Кривошеев, сарапшы:

-Ресейде жанармайдың литрі қазір 50 рубльдің маңайында. Қазіргі бағаммен есептесеңіз бұл 163 теңгеге тең. Бұл біздегі баға да жақында осындай болады деген сөз. Көрші елде жанармай тағы өсіп жатса, бензин 220 теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Ал, бензиннің акцизін қымбаттатқан Экономика министрлігі осылай бюджетке түсімді арттыруды көздеп отыр екен. Сондықтан Энергетика министрлігі жанармай бағасының қалайда шарықтайтынын растап отыр.

Қуандық Құлмұрзин, ҚР Энергетика министрлігі, Мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры:

-Қазіргі экономикалық жағдай сұйық отын бағасының көтерілетінін анық аңғартып тұр. Бірақ қаншаға өсетіні белгісіз. Оны нарық реттейді. Ал, еліміздің қоймаларда 200 мың тонна бензин бар. Тапшылық болады деуге негіз жоқ. 

Ал, осы қымбатшылықпен бюджетті толтыруды көздеген Экономика министрі дүрбелеңге еш негіз жоқ деп отыр. Досаевтың айтуынша, бензинге акциздің көбеюі оның бағасына қатты әсер етпейді екен. Десе де бұған сенімсіздікпен қараған жұрттың қорқынышы басым. Өйткені, баға көтеріліп, бюджетке ақша түскенімен, зардабын бәрібір халық тартады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін