Бек тоғызда. 4-ші сыныпта оқуы тиіс бала әлі «ана» деп айтуды үйреніп жүр.
«Мама» деші! Айтсаңшы…
Камила ұлы бір сөз айтса төбесі көкке жетіп қуанады. Қазір бала екі-ақ сөз біледі. Оның бірі «әке». Анасы оның өзін тоғыз жыл дегенде әрең үйретіпті.
Камила Жаңбырбаева:
-Басында шынымен де үмітім болмады. 5 жасына дейін апармаған жерім жоқ. Бұнымен біз қатты қиналдық. Жылады. Автобустарда жүрмеді…
Камила баласын елдегі дәрігердің бәріне қаратқан. Бірақ, бірде бірі аутизмді емдемейтін болып шыққан. Тіпті, мүйізі қарағайдай медициналық мекемелерде ондай маман атымен жоқ екен. Амалы құрыған Камила өзі секілді мұңдас аналарды тауып, ауру балаларды өздері мына жеке бөлмеде емдеп жүр.
Мұнда бір де бір медициналық құрал жоқ. Балалар аналарымен ойнап, өздерін сау сезінеді. Сыртынан сырқаты білінбегенмен, бұл балалардың тең жартысы сөйлей алмайды. Ал кейбірінің табан астынан ауруы ұстап, аяқ-қолы тырысып қалуы мүмкін. Өкінішке қарай, осы ауру түрін біздің елде кімге емдетуге болатыны беймәлім.
Дана Нұржігіт, тележүргізуші:
-Аутизмге ұшыраған балаларды психиатрға апару керек па, невропотологқа апару керек па, психологқа апару керек па, басқа бір дәрігер маманға апару керек па, осының бәрі әзірге құпия.
Бірақ аутизмді емдеуге болады. Ол үшін арнайы дәрігерлер дайындау қажет. Ал әзірге осындай дертке шалдыққандар тек ата-ананың арқасында ғана айығуы мүмкін.
-Қазірге дейін сөйлемейміз, бірақ ақырын ақырын шығып жатыр. «Мама» деп айтады, «папа» деп айтады, қолымен көрсете бастады. Енді білмеймін, үмітім бар.