Шара «Ауыл жылы» аясында өткізіліп отыр. Бүгін, 14-шілдеде Алматыдағы Орталық стадионда шараның басталуына арналған митинг өткізіледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Алматы мен Алматы облысында шара екі бағыт бойынша өткізіледі. Бірінші бағыт Қаскелең қаласы-Алмалыбақ ауылы-Шамалған станциясы-Ұзынағаш ауылы-Қарғалы ауылы арқылы, ал екінші бағыт Қалқаман ықшамауданы-Тұлпар және Алташ арқылы өтеді.
Медицина қызметкерлері мен Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі ұлттық орталықтардың мамандары әрбір елді мекенде денсаулық сақтап нығайту және аурулардың алдын алу тақырыбында ақпараттық-ағартушылық сипаттағы кітаптар таратып, ақыл-кеңестер береді. Сондай-ақ, барлық елді мекендерде салауатты өмір салты тақырыбында театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылады.
Ұйымдастырушылар бұл шаралар ауыл тұрғындарының аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру саласындағы хабардарлық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді деген сенімде.