Елімізде "Баршаға арналған білім" апталығы басталды - kaz.caravan.kz
  • $ 442.05
  • 474.14
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
30 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елімізде "Баршаға арналған білім" апталығы басталды

Елімізде "Баршаға арналған білім" апталығы басталды

Елімізде "Баршаға арналған білім" апталығы басталды. Бұл шара осы аттас ғаламдық қозғалыс шеңберінде жыл сайын өткізіледі. Бұл туралы Қазақстандық "Баршаға арналған білім" Қауымдастығының хабарламасынан KZ-today тілшісіне мәлім болды.

  • 20 Сәуiр 2004
  • 1905
Фото - Caravan.kz

Биылғы Дүниежүзіндегі апталық түрлі себептермен мектепте білім игеру мүмкіндігінен айрылған балалардың мүддесі мен құқығын қорғауға бағытталады. Бұл топқа босқын, кедей және жартылай отбасылардан шыққан балалар, жетімдер, мүмкіндігі шектеулі және қоғамда қалыптасқан қағидаларға қайшы әрекеттерге (девиантты мінез-құлықты) әуес балалар жатады.

Соңғы жылдарда Қазақстанда мектеп жасындағы балаларды оқуға жаппай қамтуға бағытталған мақсатты шаралар жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде осындай балалардың басым бөлігін мектеп партасына қайтадан отырғызуға мүмкіндік жасалды. Алайда, мамандардың айтуынша, осындай шараларға қарамастан, елімізде бұл проблема күрделі күйінде қалып отыр. Қазақстан Республикасында кедейлікті азайту жөніндегі 2003-2005-жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарлама мәліметтері бойынша орта білім беру аясына қамтылмаған жасөспірімдер мен жастардың үлес салмағы 11,8 процентті құрайды.
Апталық аясында мектеп қабырғасынан тысқары қалған балалар парламенттің, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттарымен, басқа да лауазым иелерімен кездесулер өткізеді. Кездесулер барысында кейбір балалардың мектептен ұзақ уақыт бойы қол үзіп қалу себептері талқыланып, еліміздің барлық аймақтарында оларды жаппай оқуға жұмылдыру жағдайлары сарапталады. Дағдарыстық топтарда оқитын оқушыларға мемлекет басшыларына, үкімет және парламент мүшелеріне, жергілікті әкімшілікке арнап «Бала және оның оқу құқығы» тақырыбы бойынша өлең-тақпақ, сурет немесе фотосуреттер түрінде мәлімдемелер дайындау жөнінде ұсыныс жасалады.
Сондай-ақ, конференциялар, семинарлар мен телевизиялық бағдарламалар дайындалады. Шараны ұйымдастырушылардың пікірінше, осындай ақпараттардың болуы республиканың әлеуметтік қорғау және білім беру саласын барлық деңгейлі басқару сатыларында тиісті шешімдер мен тәжірибелік іс-шараларды қабылдауға негіз болмақ.
Қазақстандағы «Баршаға арналған білім» апталығын ЮНЕСКО, білім және ғылым министрлігі, республикамыздағы балалар құқығын қорғау жөніндегі Үкіметтік емес ұйымдардан құрылған жұмыс тобы, Қазақстандық «Баршаға арналған білім» Қауымдастығы мен жергілікті білім департаменттері бірлесе ұйымдастырып отыр. Шара 25-сәуірде аяқталады.

Соңғы жаңалықтар