Жарияланды: 870

Елімізде мұғалімдер дайындайтын жоғары оқу орындары қалпына келтіріледі - ҚР мемлекеттік хатшысы

Бүгін, 2-қазанда Астанадағы Окан-Интерконтиненталь қонақүйінде ҚР мемлекеттік хатшысы Иманғали Тасмағамбетов пен еліміздің майталман ұстаздарының салтанатты кездесуі болып өтті,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Ұстаздармен кездесуде И.Тасмағамбетов: "Мектеп мұғалімі өзі үйрететін пәннің сыртында психология, педагогика негіздері мен кәсіби оқытушылық әдістемені жеттік меңгерген болуы тиіс",- деп атап көрсетті. Мемлекеттік хатшының пайымдауынша, оқытушы өзінің біліктілік деңгейі мен білім қоржынын тек педагогикалық институтта ғана толықтыра алады. "Қазақстан экономикасы үшін күрделі кезең аяқталды, ендігі жерде сапалы әрі арнаулы білім игеру туралы толғанатын мерзім жетті ",- деді И.Тасмағамбетов. Оның айтуынша, қазіргі таңда Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің негізінде Ұлттық педагогикалық университет құру мүмкіндігі қарастырылуда. Сондай-ақ, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Семей және Таразда жұмыс істеген педагогикалық институттарды қалпына келтіру көзделіп отыр. Кездесуге еліміздің әр аймағынан келген мұғалімдер мен оқытушылар, жалпы білім беретін және кәсіптік мектептердің ұстаздары, лицейлер, коллеждердің мұғалімдері мен балабақша мекемелерінің тәрбиешілері қатысты. ҚР білім және ғылым министрілігінің мәліметі бойынша, еліміздің білім беру мекемелерінде 270 мың мұғалім жұмыс істейді, олардың 159 мыңы - ауыл мұғалімдері. Өскелең ұрпақты оқытып тәрбиелеу жұмысына сіңірген ерен еңбегі мен мол табыстары үшін 1653 адам орден және медальдармен , 1511 адам үкіметтің мақтау қағаздарымен, 9308 адам білім және ғылым министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталды. Еліміз бойынша елімізге еңбек сіңірген 172 ұстаз, білім беру саласының құрметті қызметкері атағын алған 278 адам болса, 15 мыңанн астам адам білім беру саласының үздігі болып табылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін