Елімізде оқушылар арасында вирусты гепатиттің таралуына жол бермеуге бағытталған жоба жүзеге асырылмақшы - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+7 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елімізде оқушылар арасында вирусты гепатиттің таралуына жол бермеуге бағытталған жоба жүзеге асырылмақшы

Елімізде оқушылар арасында вирусты гепатиттің таралуына жол бермеуге бағытталған жоба жүзеге асырылмақшы

Еліміздің жетекші гепатолог мамандары Қазақстан баспасөз клубымен және Ұлттық пікірталас орталығымен бірлесе отырып оқушылар арасында вирусты гепатиттің таралуына жол бермеуге бағытталған "Аурудан айығудан гөрі сақтану жеңіл" деген ақпараттық-білім беру жобасын жүзеге асырмақшы. Бүгін, 13-қазанда жаңа жоба бұқара назарына ұсынылды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 13 Қазан 2003
  • 1120
Фото - Caravan.kz

Жобаның бас кеңесшісі, Алматы медициналық университетінің проректоры Людмила Пальгованың журналистерге хабарлауынша, жобаның басты мақсаты — жасөспірімдер мен оқушылардың қатерлі жұқпалы аурулардан сақтану жөніндегі біліктілігін арттыру болып табылады.

Л.Пальгованың айтуынша, жобаға Астана және Алматының 200 мектебінің оқушылары қатысады. Тәжірибелік жобаны дәл осы қалалардан бастау ұйғарылыпты. Мамандар мен оқушылар кездесуінде гепатитті жұқтырудан қалай сақтану керектігі туралы әңгіме өрбімек.
Профессор Л.Пальгованың мәліметіне жүгінсек, елімізде гепатиттің ең ауыр түрлері болып табылатын В және С түрлері кеңінен таралған. 2000-жылы гепатиттің В түріне шалдыққан адамдар саны әрбір 100 мың тұрғынға шаққанда 22,4 болған. Ал гепатиттің С түріне шалдығу деректері күні бүгінге дейін елімізде тіркеуге алынбайды, сондай-ақ, гепатиттің В және С түрлер бойынша созылмалы дертке шалдыққандар саны да белгісіз. Жоба авторларының пайымдауынша, гепатиттің көбеюіне ауруды жұқтыру және оның алдын алу тұрғысындағы хабардарлық деңгейінің төмендігі әсер етуде.
Аталмыш жоба аясында гепатиттің алдын алу тәсілдері туралы плакаттар мен буклеттер шығару, Алматы және Астана мектептерінде осы тақырыпта ашық сабақтар өткізу, оқушылардың қатысуымен пікірталастар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру, қазақ және орыс тілдерінде телевизиялық ток-шоулар дайындау межеленген.
«Аурудан айығудан гөрі сақтану жеңіл» атты жоба 2004-жылдың наурыз айына дейін жалғасады. Жоба авторлары бұл кезең табысты аяқталады деген сенімде. Ондай жағдайда жобаның келесі кезеңі басталып, оның аясында еліміздің бірқатар басқа қалаларында да осындай жұмыстар жүзеге асырылады.

Соңғы жаңалықтар