Жарияланды: 100

Еліміздегі танымал сайттардың бірінде сәбилерді саудалауда

Еліміздегі танымал сайттардың бірінде сәбилерді саудалауда

Еліміздегі танымал сайттардың бірінде сәбилерді саудалауда.

Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Еліміздегі танымал сайттардың бірінде сәби саудалайтындар табылуда. Онда «Бір-екі айда босанамын, жағдайым жоқ, баламды жақсы жандарға беремін»,- деген хабарландырулар шығуда. Сорақысы, ондайлар еш қымсынбастан белгілі бір сомаға әлі дүние есігін ашпаған сәбиін бейтаныс жанға бере салуға дайын. Ал құзырлы органдар арам ойын жүзеге асырмақшы болған безбүйрек ана да, шақалақты сатып алғысы келген азамат та міндетті түрде жауапкершілікке тартылады дейді. Сонымен, ашықтан-ашық перзентін "тірі тауарға" айналдырғандар кім?

Өкінішті, бірақ бүгінде елімізде бала сүю бақытынан айырылған отбасылар көп. Бір перзентке зар болған мұндай жандардың басқа амалы таусылды ма, әйтеуір интернеттен бала іздеп әлек. Ал мұндай хабарламалар ғаламторда жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбеюде. Айтарымыз, бұл емес. Сәбиін жақсы жандарға ақшаға беремін деп жазған безбүйрек аналардың көргенімізде жағамызды ұстадық.

Ақпараттар сапырылысқан мына заманда шын-өтірігіне көз жеткізу үшін хабарландырулардың біріне өзіміз де қоңырау шалып көрдік. Алған жауабымыз мынадай:

-Алло
- Сәлеметсіз бе! Мен хабарландыру бойынша звандап тұр едім ғой.

- Сіз балама жақсы ата-ана іздеймін деп жазыпсыз.
-Жоқ, болды уже
- Ата-ана таптыңыздар ма?
- Жоқ
- Қазір бала қайда?
- Бопты, ондайы жақсы


- Сіздер қалай алмақшысыздар ол баланы?
-Законно.
-Заңды түрде?
-Иә
-Қанша төлеуге дайынсыз?
- Білмеймін, өзі айтады ғой ол. 300 бе, может миллион ба...

Хош, түсінгеніміздей бірі жылдар бойы сәби сүйе алмаса, басқасы бауыр еті баласын еш танымайтын жанға ақша үшін бере салуға дайын тұр. Сонда ашықтан-ашық жүргізіліп жатқан адам саудасына заңмен шектеу жоқ па? Заңгерлердің уәжінше, шақалақты «тірі тауарға» айналдырғандардың ісі міндетті түрде жауапсыз қалмайды.
 

«ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабына сәйкес, сатып алған да, сатқан да жауапкершілікке тартылады. Заңмен қудаланады. Перзентхананың басшылары да бірігіп және қызметкерлері де сауда-саттықпен осындаймен айналысып жатқан көп жайттар орын алып жатыр. Сонымен қатар, баяғыда біздің ата-бабаларымыз дәстүр бойынша баласы жоқ ағайындыға баласын берген. Оның өзі бауырына бала берген жағдайда, ол заңсыз болып есептелінеді», - дейді заңгер Абзал Бекбосынов.

Бұл ретте IT мамандары желідегі "адам саудасына" қатысты кез-келген хабарландырулардың өзі заңсыз екенін алға тартады. Яғни, ғаламторға мұндай жарнаманы салудың өзіне тыйым салынған.

«Егер белгілі-бір сайтта бала немесе адам саудасына қатысты хабарландырулар шықса, бұл әрине, заңсыз болып саналады. Көрген жағдайда модератор міндетті түрде оларды өшіріп, блокқа қоюы тиіс» - дейді ІТ маманы Гүлмарал Асан.

Статистикаға жүгінсек, еліміздегі отбасылардың 15 пайызы бала сүю бақытынан айырылған. Ал жетімдер үйіндегі тастандылар көп болса да, оларды асырап алудың машақаты да жетерлік. Содан кей ерлі-зайыптылардың мұндай жағдайын пайдаланған безбүйрек аналар туған перзентін саудалауға көшкен дейді мамандар. Ал білім басқармасындағылар бүлдіршіндерді тек ресми түрде ғана асырап алуға шақырады.
 

«Баланы асырап алу үшін үміткер болып басында тіркеледі. Ол үшін ол құжаттар тапсыру керек. Ол құжаттардың ішінде заявление жазады, ЦОН-нан ЭЦП кілтін ашады. Және сотталмаған, ешқандай есепке тұрмайтынын, наркологиялық, психдиспансерлік ауруханаларда жоқ екенін тапсыру керек. Үйінің жағдайы бар ма баланы асырайтын, Соған қатысты біз барып тексеріс жасаймыз. Және тұратын жұмысынан бізге анықтамалар керек» - дейді қалалық білім басқармасы қамқоршылық және қорғаншылық бөлімінің бас маманы Гүлім Жүсіпова.

Ал желі арқылы бала асырап алам деушілер жоғарыдағы талаптарды сақтамайтыны белгілі. Тек сәби үшін безбүйрек анаға сұраған соммасын қолына ұстатса жеткілікті деп санайды. Десе де, бұл әккі амалдарын жүзеге асырмақшы болған қыз-келіншектердің кінәсін жуып-шаймасы анық.
 

«Бес жылдан тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар өзінің мүліктерін тәркілеуге алынады. Сауда саттық жана айтып кеткендей сатып және сыйға берсе де» - дейді заңгер Абзал Бекбосынов.

Қалай десек те, желіде мұндай жазбаларды көрген кез-келген азамат міндетті түрде ішкі істер қызметкерлеріне хабарласуы тиіс. Сіздің бір ғана қоңырауыңыздың артында бейкүнә сәбидің тұтас бір тағдыры тұр. Ал, құзырлы органдар туған перзентін "тірі тауарға" айналдырған безбүйрек аналар да, баланы сатып алмақ болғандар да бірдей жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.
 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін