Астанада сайлау учаскелерінің есігі ашылмай жатып алдында ығы-жығы адам. Тұрғындар таңмен таласа келіп алған. Дауыс беруге асыққан сайлаушыларды комиссия мүшелері әрең ұстап тұр. Әлемнің назары ауып отырған Орталық сайлау комиссиясында да қарбалас. Келушілерді кіре берісте мерекеге сай киінген полицейлер қарсы алуда. Ал, мына залдан отандық және шетелдік тілшілер сайлау жайында сәт сайын ақпарат таратып жатыр. Депутаттар мен Үкімет мүшелері де бүгін белсенді. Шенеуніктер мен халық қалаулылары ерте тұрып, бала-шағасымен келіпті.
Бақытжан Ертаев, Мәжіліс депутаты:
-Бүгінгі күнге жалғыз мен емес, менің немерем де, бүкіл бала-шағам дайындалды. Бәріміз келіп отырмыз.
Әскерилер де саяси науқаннан қалыс қалмады. Қорғаныс министрі бастап өз таңдауын жасады. Иманғали Тасмағамбетовтен кейін полигонда жаттығуда жүрген офицер, курсанттар сап түзеп, палаткадағы сайлау учаскелерінде келді. Тіпті шетелдердегі спортшы әскерилер де дауыс берді.
Исламғали Әбуов, әскери спортшы:
-Қазір біз Кореяда Сеул қаласындамыз, жаттығудамыз.ҚР азаматы болған соң сайлауға келу менің борышым.
Сондай-ақ, дауыс беру үшін өзге өңірлерден Астанаға арнайы келген азаматтар бар. Бұл күні қариялар да үйде үнсіз жата алмапты. 80-нен асқан Нағима әже де ұрпағының болашағы үшін таңдау жасапты. Ал, мұндай белсенді тұрғындар назардан тыс қалып жатқан жоқ. Сайлау учаскелеріндегілер кейбір дауыс берушілерге құрмет көрсетіп, сыйлық таратуда.
Мұрат Сапарғалиев, № 91сайлау учаскесінің төрағасы:
-Бірінші дауыс берген азаматтарға және ардагерлерге, бүгін туған адамдарға беріп жатырмыз.
Астана уақыты бойынша, дауыс беру жарты сағат бұрын аяқталды. Тек, уақыт айырмашылығына қарай батыс өңірлерде, яғни Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында кешкі 9-ға дейін жалғасады. Қазір аймақтарда сайлау комиссиясының мүшелері бюллетендерді санап жатыр. Ал, экзит-поллдың алдын-ала қорытындысы түнгі 12-ден кейін белгілі болады.