Жарияланды: 20

Елордада жастарға арналған жалдамалы пәтерлерді беруге өтініш қабылдана бастады

Елордада жастарға арналған жалдамалы пәтерлерді беруге өтініш қабылдана бастады

5-10 қараша аралығында елордада жұмыс істейтін жастардан сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер бойынша өтініш қабылданады.

Айта кетсек, Жастар жылына орай Елбасының тапсырмасымен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкен қалаларында жұмысшы жастарға тұрғын үйді беру бойынша ережелерді бекіткен болатын. Аталған бұйрықты ҚР Тұңғыш Прездиенті Н.Ә.Назарбаев 2019 жылдың 23 қаңтарында Жастар жылының ашылу салтанатында берген еді.

«Пәтер кімдерге беріледі? Үміткердің кәсіби саладағы тиісті дипломы, сертификаты болуы керек. Сонымен бірге, өтінім берген жастың отбасының және балаларының болуы ескеріледі. Мәселен, егер өтініш беруші мектеп мұғалімі болса оған 5 ұпай, отбасының болуына 5 ұпай беріледі. Бала санына байланысты 1 ұпайдан, екінші деңгейлі банкте жинақ шотының болуы 2 ұпайдан есептеледі. Жастар үшін жалдамалы пәтер беру бағдарламасы 2021 жылға дейін күшінде болады. 2021 жылға дейін жастарға 9 мың пәтер беріледі деп отырмыз», - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері бойынша комитет төрағасының орынбасары Шахмардан Байманов елорда әкімдігінің баспасөз орталығындағы брифингте.

Өтінімді тек электронды түрде «Смарт Астана» мобильдік қосымшасы арқылы беруге болады.

Жалға берілетін тұрғын үйге 29 жасқа толмаған, жалпы білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқу жоспарларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асыратын азаматтар өтініш бере алады. Сонымен қатар, нарықта сұранысқа ие 100 мамандықтың тізіміне сәйкес, кәсіпті игерген азаматтар, жас отбасылар, жас кәсіпкерлер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері басым санаттарға жатады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін