Жарияланды: 480

Есеп комитеті жалған кәсіпорындар санын төмендету үшін жүйелі шаралар атқару қажеттігін алға тартады

Бүгін ҚР Парламенті Сенатында 2010 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің есебінің таныстырылымы барысында комитеттің мүшесі Қайырбек Сейтқұл осылай мәлім етті.

«Салық түсімдері бойынша сандық көрсеткіштер негізінен орындалғанымен, салықтық әкімшілік етудің тиімділігін сипаттайтын сапалық көрсеткіштер төмендеуде. Бұған дәлел 2010 жылдың соңында салықтық берешек 361,0 млрд. теңгеге, салық бойынша бересі 199 млрд. теңгеге жетіп, өсу үрдісі орын алып отыр. 2009 жылмен салыстырғанда, салықтық берешек 1,8 есеге, салық бойынша бересі 1,9 есеге ұлғайған. Ал салықтық әкімшілік етудің төмендеуіне әсерін тигізген негізгі фактор - елімізде жалған кәсіпорындар санының өсуі. Біздің пікірімізше, олардың санын қысқарту үшін жүйелі шаралар қолдану қажет», - дейді Қ.Сейтқұл. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, 2010 жылғы салықтық тексерулердің нәтижелері бойынша, салық органдары 495,6 млрд. теңге мөлшерінде салықтар мен төлемдерді қоса есептеп, оның тек 28,7 млрд. теңгесін немесе 5,8 пайызын ғана бюджетке өндіріп алған. «Жүргізілген бақылау-талдамалық жұмыстар көрсеткендей, қазіргі кезде республикада банкроттыққа ұшырау рәсімі салық төлемдерін төлеуден жалтарудың бір тәсілі ретінде қолданылуда. Бұған мысал келтірер болсақ, 2010 жылы 80,0 млрд. теңге салықтық берешегі бар 2 мыңнан астам салық төлеуші банкрот деп танылып, оның 202,3 млн. теңгесі немесе 0,4 пайызы ғана бюджетке қалпына келтірілген», - деді Комитеттің мүшесі Қайырбек Сейтқұл.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть