Ескі ғимаратты қыруар қаржыға сатып алған ақтөбелік шенеуніктер тағы дауға қалды - kaz.caravan.kz
  • $ 486.47
  • 554.77
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ескі ғимаратты қыруар қаржыға сатып алған ақтөбелік шенеуніктер тағы дауға қалды

Ескі ғимаратты қыруар қаржыға сатып алған ақтөбелік шенеуніктер тағы дауға қалды

Ескі ғимаратқа еселеп ақша шашты! Ақтөбелік шенеуніктер қараусыз жатып, көнерген нысанды мәдениет үйі үшін деп 30 миллион теңгеге сатып алған. Оның үстіне күрделі жөндеуге деп тағы ақша бөлдіріпті. Бұл қаржыға су жаңа ғимарат салуға болады екен. Айта кетсек, қорадан бетер ескі ғимараттарды қыруар қаржыға сатып алу дерегі Ақтөбе облысында бірінше рет тіркеліп отырған жоқ. Бірақ ескертуді Елбасының өзі атап тұрып жасаса да, бүгінге дейін мұнда бюджет ақшасын ысырап еткен бірде-бір шенді жазаланған емес. 

  • 2 Шiлде 2014
  • 327
Фото - Caravan.kz

Ақтөбенің атқамінерлеріне Шалқар қаласындағы балабақша ғимаратына қатысты шу сабақ болмаған сыңайлы.Айдаладағы ауылда 150 миллион теңгеге ескі нысан сатып алғанда облыс басшысына Елбасының өзі ескерту жасаған. Бірақ одан бірде бір шендінің мұрты қисайған жоқ. Шу шыққан кезде сол Шалқар ауданын басқарған Рахат Сыдықов облыс орталығы іргесіндегі Қарғалы ауданына ауысып кетті. Осыдан кейін еркінсісе керек, енді Ақтөбе шенеуніктері Қурайлы ауылындағы құр қабырғасы қалған ғимаратты сатып алуға 30 млн теңге жұмсапты.

Жақсылық Үмбетқалиев, Ақтөбе облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменті басшысының орынбасары:

Қурайлы ауылынан мәдениет үйі үшін ғимарат сатып алу кезінде заңсыздықтарға жол берген. Себебі, оған ешбір коммуникация жүргізілмеген. Суы мен жылуы, жарығы мүлдем жоқ. Сол ақшаға жаңа мәдениет үйін тұрғызуға болады.

Қурайлы аулындағы бұл нысан 20 жылдай жекенің қолында болыпты. Енді шенеуніктер мәдениет үйі үшін осыдан артығы жоқ деп отыр. Себебі, жаңа құрылысты бастауға ауылдан бос жер табылмаған көрінеді.


Мақпал Тұрмағанбетова, Қурайлы ауылдық аймағының әкімі:

-Орталықта жер жоқ. Мәдениет үйі ол орталықта болуы керек. Орталықта кәдімгі халық шоғырланатын жерде болу керек.

Қыруар қаржыға сатып алынған бұл ғимаратты қайта қалпына келтіру үшін қала басшылары қазынадан қосымша ақша іздеп жатыр. Қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Ал дауды ушықтырмас үшін қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Маржан Қорғанбаева кінәлі деп танылыпты. Әкімдіктегілер оны қызметінен кетірдік деп құзырлы органдарға есеп беріп құтылды.

-Ақтөбелік шенеуніктер әсіресе тендерден теңге қарпудың шебері. Жемқорлық бойынша бұл өңір қазір алдыңғы үштікті бермей келеді. Айта кетсек, кеше ғана Ақордада сыбайлас жемқорлыққа қатысты өткен жиында осы аймақтағы қылмысты тыя алмағаны үшін облыстық қаржы полициясының бастығы Жанұзақ Сабыржан қызметінен қуылған болатын.