Жарияланды: 730

Fitch агенттігі Қазақстан даму банкінің ұзақ мерзімді несиелік рейтингін ВВ+ деңгейіне көтерді

Халықаралық Fitch рейтингтік агенттігі Қазақстан даму банкінің ұзақ мерзімді несиелік рейтингін бұрынғы "ВВ" деңгейінен "ВВ+" деңгейіне көтеріп, рейтинг болжамын бұрынғы "позитивті" көрсеткіштен "тұрақты" деп өзгертті. Бұл туралы KZ-today ақпараттық агенттігіне Қазақстан даму банкінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Сондай-ақ, Fitch рейтинг агенттігі Қазақстан даму банкіне берген "В" деңгейдегі қысқа мерзімді, сондай-ақ, "З" - қолдау рейтингін растады. "Агенттік берген мұндай рейтинг Қазақстан даму банкінің ел экономикасы үшін айрықша маңызды мақсаттарды орындауда табысқа жеткенін мойындау болып табылады. Бұл өз кезегінде банктің республикалық мемлекеттік мекемелердің қолдауына ие болу мүмкіндігін арттырады ",- делінген банк хабарламасында. Банктің борыштық міндеттемелері мен жеке капиталы арасындағы арақатынас жоспарланған 1/1 деңгейінде тұрақты сақталады деп күтілуде. Қазақстан даму банкі қаржыландыру көздерін ішкі және сыртқы капитал рыногінен, синдикаттық несиелерден, ал болашақта бюджеттік несиелерден алады. 2001-жылы құрылған Қазақстан даму банкі еліміздегі капитал көлемі ең жоғары банкке саналады. Банктің 75 проценті экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі арқылы Қазақстан үкіметінің иелігінде болса, қалған 25 проценті 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларының әкімшіліктері арасында тең таратылған. Қазақстан даму банкі еліміздің дамуы үшін айрықша маңызды әрі қазақстандық және халықаралық банктер тарапынан ұзақ мерзімді қаржыландыру мүмкін емес жобаларды қаржыландыру арқылы өндірістік инфрақұрылымды дамыту үшін құрылған. Банк несиесі 5-20 жылға беріледі. Банк мұнай өндіру саласынан басқа өңдеу өнеркәсібі, ауылшаруашылығы машинасын жасау, көлік және металлургия тәрізді еліміз экономикасының маңызды секторларын қаржыландырады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін