Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа материал Хиросима шығанағы жағалауындағы құмнан кездесетін шыны тәрізді хиросимиттерді зерттеу кезінде табылды. Бұл бөлшектерді алғаш рет Мотоудзина түбегінің жағажайларын зерттеу барысында геолог Марио Ванье анықтаған.
Ғалымдар сферулалардың бірін талдау кезінде ерекше қорытпа бөлшегін тапқан. Оның негізгі құрамына темір мен хром, сондай-ақ кремний, никель, марганец, молибден және алюминий кіреді. Зерттеу нәтижесі материалдың ғылымға белгілі квазикристалдық құрылымға ие екенін көрсетті.
Зерттеушілердің пікірінше, бұл қорытпа ядролық жарылыс кезінде пайда болған аралас металл буының конденсацияланып, кейін отты шармен бірге өте жылдам суынуы нәтижесінде түзілген.
Ғалымдардың айтуынша, ядролық жарылыстар кезінде болатын қысымның күрт өзгеруі, аса жоғары температура, заттардың булануы және кейіннен балқыма мен аэрозольдердің конденсациялануы метеориттердің құлауы немесе найзағайдың қуатты соққысы кезінде байқалатын үдерістерге ұқсас. Осындай төтенше жағдайлар ерекше минералдар мен металл фазаларының түзілуіне себеп болады.
Зерттеу авторлары мұндай қорытпалардың механикалық беріктігі жоғары, коррозияға төзімді және жоғары температурада тұрақты болуы мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар, ядролық жарылыстардың салдары тепе-тең емес қорытпалардың түзілу механизмдерін зерттеп, жаңа материалдарды ашуға мүмкіндік беретін табиғи зертхана іспетті.
Зерттеу нәтижелері Science Advances ғылыми журналында жарияланды.