-Үйге камерамен кіріп келіп тінті жүргізді. Күйеуімнің ұсталғанын сонда бір білдім.
Күйеуінің тұтқындалғанын үйіне тінту жүргізген тергеушілерден естігенде, Гүлнар Жоламанова есінен тана жаздаған. Жұбайының отанына аянбай тер төккенін мына қызметтік формасындағы жарқыраған медальдарынан түсінуге болады дейді. Қамауға алынатын күні Шекара қызметінің басшысын Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «жиналыс болады» деп шақыртқан. Қоқан-лоққы бұған дейін де жасалды деп отыр генералдың жұбайы.
Гүлнар Жоламанова, Нұрлан Жоламановтың жұбайы:
-Батыс жақта іссапармен жүргенде соңына әлдебіреулерді аңдытып қойған. Кейін Нұрланның өзі анықтады. Сөйтсе жай ғана аңдымай, оны өлтірмек болған екен.
Гүлнар Жоламанованың айтуынша, күйеуінің үстінен бұрын қарамағында істеген 3 офицер шағымданған. Әскерилерді кезінде Шекара қызметінің директоры лауазымын төмендетіп, кейін жұмыстан шығарған екен. Сондықтан олар кек қайтару үшін, әлдекімдердің «тапсырысын» орындаған көрінеді.
Гүлнар Жоламанова, Нұрлан Жоламановтың жұбайы:
-Изоляторда лаңкеспен бірге отыр. Сөйтіп, моралдық психологиялық қысым көрсетіп жатыр. Күйеуіммен кездескенде, ол елге өзінің кінәлі еместігін жеткізуді сұрады. Шекара қызметін 1 жыл 9 ай басқарған адам, осы қысқа мерзім ішінде қалай қылмыстық топ құрады? Оның шекара бекеттерін аралап жаңасын тұрғызудан қолы босаған жоқ.
«Ұйымдасқан қылмыстық топ құрды», «ірі көлемде пара алды» деп айыпталған Шекара қызметі басшысының кезінде Қорғаныс министрлігінде істеген қызметтесі де, істен көп шиілік тапқан.
Айболат Құрманбаев, Нұрлан Жоламановтың бұрынғы қызметтесі:
-Қылмыстық кодекстің 311-бабына көрсетілгендей, пара деп 2 айлық есептік көрсеткіштен асатын ақшаны айтады. Ал ірі көлемдегі пара 2000 айлық көрсеткіштен асуы тиіс. Жоламановтың қанша алғаны айтылмай отыр. Дегенмен, жоғарыдағы есепке салсақ, Шекара қызметінің директоры 3 млнға жуық пара алған боп шығады. Бұл сома күлкілі емес пе?
Жоламановтың жұбайы 58 жастағы генералдың отбасы бай тұрады деген мәліметті де жоққа шығарды. Айтуынша, тұрмыстары қарапайым. Осы төрт бөлмелі пәтерден басқа, құнды дүние-мүлкі жоқ екен.
-Күйеуін сүттен ақ, судан таза деген Гүлнар Жоламанова, изоляторда денсаулығы сыр берген генералды үй қамағына ауыстыруды сұрап отыр. Тіпті қылмыстық іспен Ішкі Істер министрлігінің әскери тергеу басқармасының айналысқанын қалайды. Ал Шекара қызметінің директоры Нұрлан Жоламановты тұтқындаған Ұлттық Қауіпсіздік комитеті, нақты айғақтарын сотта жарияламақ.