Жарияланды: 910

Георгий лентасы Қазақстандағы орыс ұлтының белгісіне айналып барады

Георгий лентасы Қазақстандағы орыс ұлтының белгісіне айналып барады Сурет - qazaquni.kz

Георгий лентасына қатысты дау-дамай әлі де толастамай тұр. Биыл мереке қарсаңында Қазақстанның көгілдір лентасы таратыла бастағанымен көпшілік Георгий лентасынан бас тартқысы жоқ. Әсіресе өзге ұлт өкілдерінің көк лентаны тағуа құлықсыз екені 9 мамыр күні анық сезілді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.

Мәселен танымал журналист Марат Тоқашбаев желідегі өз парақшасында  «Георгий лентасы бүгінде соғыстағы Жеңістің белгісі емес, Қазақстандағы орыс ұлтының белгісіне айналып барады», - деп жазыпты.

Ол Жеңіс күні меркесінде көргендерін былайша суреттеген:

Қазір ғана Алматыдағы мәңгілік алау маңынан редакцияға қайтып оралдым. Халық көп. Бала-шағасымен жүргендер де баршылық. Әкімшілік бұл мерекеге жақсы әзірлік жасағаны байқалады. Соғысқа қатысты аудиоқұжаттар: Молотовтың, Сталиннің сөздері, жеңіспен құттықтаулар естіліп жатты.

Балалар қызықтау үшін Қазақстан Қарулы Күштерінің ресейлік танк, зеңбірек сияқты оншақты техникасы қойылыпты. Әсіресе Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Рахымжан Қошқарбаев сияқты қаһармандарымыздың мим бейнесі яғни жанды скульптуралары көпшілікті қатты қызықтырды. Жанында топтаса, жеке суретке түсіп жатты. (Мим бейне дегеніміз актер өзіне тапсырылған образ бейнесінде соған лайықты киімімен қоса гримделеліп, бірнеше сағаттар қозғалыссыз тұрады). Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде мұндай көрнекіліктің маңызы зор.

Мені әскери формадағы, георгий лентасын таққан, ұзын бойлы орыс солдаттары масаттанған кейіпте жауды жалғыз өздері жеңіп келгендей жұрт ортасында суретке түсіп жатуы таңдандырды. Мерекені ұйымдастырушылар ұзын бойлы қазақ жігіттерін таппай қалған ба?! Алдағы уақытта мұны ескеру керек.

Алау басында Георгий лентасын таққандардың қарасы көп. Қазақстанның көгілдір лентасын таққан бірде бір орыс азаматын ұшыратпадым. Көгілдір лента таққан өзімді қосқанда бес адамды ғана байқадым. Қайта кейбір қазақтар менің ескертпемнен кейін тағып жүрген Власов ленталарын шешіп тастап жатты.

Қарап тұрсам, георгий лентасы бүгінде соғыстағы Жеңістің белгісі емес Қазақстандағы орыс ұлтының белгісіне айналып барады екен. Қазір-ақ георгий лентасын таққаның орыс екендігін, көгілдір лента таққанның қазақ екендігін айна-қатесіз ажыратуға болады. Бұл қоғамды жікке бөлу деген сөз.

Оны тоқтау үшін бөтен мемлекеттердің жалауын, әскери формасын, лентасын қолдануға тыйым салынуы керек деп есептеймін. Осындай мерекелер тұсында бала-шағаны алып, көгілдір лентаны тағып, көпшілік жүретін жерлерге барудан ерінбеңіздер. Бұл біздің қарамызды көбейтеді.
Мерекелеріңізбен, достар!

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін