Гүржістанда 18 жасар Қазақстан азаматы ұсталды. Ол өмір бойына сотталуы мүмкін - kaz.caravan.kz
  • $ 464.86
  • 544.03
+19 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Гүржістанда 18 жасар Қазақстан азаматы ұсталды. Ол өмір бойына сотталуы мүмкін

Гүржістанда 18 жасар Қазақстан азаматы ұсталды. Ол өмір бойына сотталуы мүмкін

Гүржістанның Имеретия өңірінде ірі және аса ірі көлемде есірткіні заңсыз сатып алу, сақтау және сату күдігімен екі шетел азаматы ұсталды. Олардың бірі — Қазақстан, екіншісі — Украина азаматы.

  • 27 Сәуiр
  • 13
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Гүржістанның ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Күдіктілер 2008 жылы туған жігіт пен қыз екені хабарланды. Екеуі әртүрлі уақытта қолға түскен. Бұл туралы 25 сәуірде Грузия Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.

Тергеу мәліметінше, ұсталғандар аса ірі көлемдегі метадонды заңсыз сақтау және сатуға қатысы бар деген күдікке ілінген.

Тінту барысында күдіктілердің жеке заттары мен уақытша тұрған жерінен есірткі табылып, тәркіленді. Сонымен қатар, тергеу эксперименті кезінде олар сатуға дайындаған метадон жасырылған орындарды көрсеткен.

Полицейлер заттай дәлел ретінде есірткіні қаптауға арналған құралдарды да тәркілеген.

Аталған дерек бойынша Грузия Қылмыстық кодексінің 260 және 260-баптарының 4-бөлігімен іс қозғалды. Бұл баптар бойынша 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына соттау жазасы қарастырылған.

Еске салсақ, бұған дейін Дубайда 22 жастағы Қазақстан азаматы өмір бойына бас бостандығынан айырылып, 300 миллион теңге көлемінде айыппұл арқалағаны хабарланған еді. Оның анасы ұлын жала жабу арқылы соттағанын айтқан.