Жарияланды: 390

ИКҰ Сыртқы істер министрлері кеңесі форумының аясындағы кездесулер

Астанада Ислам конференциясы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясының аясында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов сәрсенбі күні бірқатар екіжақты кездесулер өткізді,

деп хабарлады сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметінен. Атап айтқанда, Е.Қазыханов ирандық әріптесі Әли Акбар Салехимен, Ирак министрі Хошиар Зеберимен, Катар министрі Ахмед бен Абдулла Әл-Махмұдпен, Мальдив министрі Ахмед Назыммен, Словения министрі Самуэль Жбогармен, Мысырдың ынтымақтастық және әлеуметтік реформалар министрі Гауда Әбделт-Халекпен, Сирия сыртқы істер министрінің орынбасары Фейсал Ак-Микдатпен, ИСЕСКО бас директоры Әбдель Әзиз Осман Ат-Туэйджримен, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі келісімшарт Ұйымының Дайындық комиссиясының атқарушы хатшысы Тибор Тотпен және АҚШ-тың Ислам істері жөніндегі арнайы өкілі Рашад Хуссейнмен кездесті. Атап айтқанда, Иран министрімен болған кездесуде тараптар сауда-экономикалық саладағы екіжақты іс-қимылдардың ағымдағы мәселелерін талқылады және бұл саладағы ынтымақтастықтың мол әлеуетіне тоқталды. Ал Ирак министрімен болған кездесуде екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелері, оның ішінде энергетика саласындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары сөз болды. Мысыр министрімен болған кездесудің барысында сауда-экономикалық қарым-қатынастарды кеңейту, оның ішінде мысыр нарығына қазақстандық астықтың жеткізілімін арттыру мәселесі талқыланды. Сондай-ақ, министр Е.Қазыханов Вашингтонның ресми өкілі Рашад Хуссейнмен болған кездесуде исламофобиямен күресу мәселелерін талқылады. Р.Хуссейн өз сөзінде атап көрсеткендей, бүгінгі таңда АҚШ-та 7 миллионнан астам мұсылман тұрып жатқандықтан, бұл мәселе аса өзекті проблемалардың бірі.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін