Жарияланды: 430

Іле Алатауы бағына көліктерді өткізетін қызметкерлер төленген ақшаны қалталарына басуда

Алматының тауларын бизнеске айналдырған! Мәңгі мұз басқан шыңдар мен көк-жасыл ормандар сеніп тапсырылған «Іле Алатауы» ұлттық бағының инспекторлары табиғаттан өздері табыс тауып жүр. Қорыққа кіреберісте қалауынша ақы алып, демалушылардан түскен қаржыны қалтаға басқан. Ал көздің қарашығындай сақталуы тиіс табиғаттың өзі мүлдем қараусыз қалыпты. Сирек кездесетін өсімдіктер қорына бай шатқалдарда қоқыс көбейіп, ішін шыбын-шіркей мен

жағымсыз иіс жайлаған.       

Бұл тізілген көліктердің иелері табиғат аясына асығып тұр. Таудың таза ауасымен тыныстау үшін әрқайсысы ақы төлеп кіреді. Түскен қаржы «Іле Алатауы» ұлттық бағының қажетіне жұмсалады. Тек сол аз ырзықтың өзін мұндағылар таудан аяп, қалтасына басады екен. Мысалы, мына бір бақылаушының саудасы қызған. Баққа кірген көліктерден қалауынша ақы жинап тұр. Тек сұрағандарға ғана түбіртек таратып, ал таныстарын тіпті тегін кіргізген.

- Девушка, я не пропущу бесплатно.

- Но три машины же проехали бесплатно!

- Ну и что? Ну и что???

- Они же проехали без оплаты?

- Они работают здесь! Строят виллу акиму города! Что они будут платить?

«Таңдаулыларға» ғана тегін бекеттен өту үшін қарапайым тұлғалар 400 теңге төлеуі тиіс. Мемлекет бекіткен тәртіпке біздер де бағындық. Тек тілшілерден алған теңгені бақылаушы кассаға емес, қалтаға сүңгітіп жіберді.             

Табиғатқа келушілерден салық жинайтын дәл осындай 8 бекет бар. Бекітілген тариф бір болғанымен, бекеттегілер кісінің қымбат көлігіне, түр-келбетіне қарап төлемақыны да түрлендіріп отырады екен.  

- Это мафия уже видимо местная, ну и естественно чиновникам всем на карман как всегда!

Ал ұлттық бақтың басшылығы өздеріне шаң жуытар емес. Айтуларынша, таудан табыс тауып отырған ешкім жоқ. Керісінше, табиғаттың қамын ойлап, түскен қаржыны түгелдей қорықты қорғауға жұмсап отыр екен.

Дамир Малгелдиев, «Іле Алатауы» ұлттық бағы бас директорының орынбасары:

-  Іле-Алатау жерінен қоқыс шығарады, тазалайды, полигондарымыз бар қоқыс шығаратын жер, оның ақысын төлейміз. Содан кейін өзіміздің жерді көріктендіру үшін беседка дейміз, стол дейміз, соны жасау үшін сол ақша арнайы шотқа түсіп сол жерден бөлінеді.

Десе де, айтылған тазалық тауда жоқ. Ескіріп кеткен тағам иісінен ес танады. Шыршаларда шыбын-шіркей құжынап, сирек кездесетін өсімдік бұтақтары шіріген қалдықтарға бөгіп қалған.    

Қайда көз тастасаң да Іле-Алатауы ұлттық саябағы қоқысқа бөгіп жатыр. Талдардың түбі де, тіпті мынау таудан сылдырлап аққан өзенге де әлдебір демалушылар қоқыстарын алмай қалдырып кетіпті. Және бұл табиғатқа жаны ашып, үйілген қоқысты жинап жатқан мұнда тірі жан жоқ!

Қорықты қараусыз қалдырғаны былай тұрсын, табиғат инспекторлары таудан түскен пайданы да жасырып келген.      

Еркебұлан Қасымхан, Талғар ауданы бойынша мемлекеттік кіріс басқармасының бөлім басшысы:

- Мысалы, хронометражды тексеруге дейін 91 мың теңгеге пайдасы көрсетілсе, хронометражды тексеру кезінен 180 мыңға дейін көтерілді табысы 2 есе. Және де шағымданушы бізге шағымында айтқан чек ұрылмайды деп. Ол расталды. Сондықтан Іле Алатауы паркі  284-ші Әкімшілік құқық бұзушылық кодексімен жауапқа тартылды.

Тек жаза ескертумен ғана шектелген. Сондықтан болса керек, табиғи қорыққа кіреберісте заңсыз төлемақы алу әлі тыйылмаған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін