Кездесу ZOOM платформасында онлайн режимде өтеді. Бұл үшін кәсіпкер 15 минут уақытын бөледі.
«Мен Еуропалық экономика, бизнес және құқық жоғары колледжінің негізін қалаушымын. Қашықтықтан оқыту басталған кезде студенттер оқуға деген қызығушылықтарын жоғалтпауы үшін біз шетелдік мұғалімдерді тарта бастадық. Олар апта сайын дәрістер оқыды.
Өткен қыркүйекте біз Илон Маскты шақырған едік. Бәрі оңай және тез өтеді деп ойладым, біз онымен байланыса бастадық, бірақ, өкінішке қарай, келісім жеті айға созылды. Күні кеше ғана ол студенттермен 15-20 минут кездесуге дайын деген жауап алдық. Оның кестесі бір жылға жоспарланған», — деді Талғат Төремұратов.
Ұйымдастырушы бұл қазақстандық студенттер үшін жақсы мотивация екенін атап өтті. Енді онымен кездесуді қалайтын студенттер санын арттыруды жоспарлап отыр. Еуропалық экономика, бизнес және құқық жоғары колледжінің студенттері ғана емес, басқа студенттер де қатыса алады.
«Кездесу 1 мамырда өтеді. Біз студенттердің технология, бизнес саласында бірнеше сұрақтар қойса екен дейміз», — деп қосты Талғат Төремұратов.
Tesla және SpaceX компанияларының негізін қалаушы Илон Маск қазір Техаста жаңа қала құрып жатқанын мәлімдеді. Маск Калифорниядағы табыс салығының көптігіне байланысты көшу туралы шешім қабылдаған болуы мүмкін, ал Техасқа көшу миллиардтаған доллар үнемдеуге мүмкіндік береді.