Бұл туралы ол Abay Live You Tube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Оның айтуынша, асыл дінімізде дәулетті өмір сүруге ешқандай тыйым жоқ.
«Мына нәрсені дұрыс түсінейік. Исламның қанша парызы бар десек, бесеу дейміз. Олар: иман келтіру, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, қажылыққа бару. Соңғы екі парызды түгің болмаса, есекпен жүретін болсаң, қалай орындайсың? Алла тағала мұсылманға кедей болсын, есекпен жүрсін деген жоқ қой. Бес парыз беріп, соның екеуін дүниемен, мал-мүлікпен жасалатын құлшылық етті. Ақшаң болса, қажылыққа барасың, болмаса қалай барасың? Алла тағала егер мұсылманға кедей болуды бұйырса, қажылықты парыз етпес еді. Екінші, пайғамбар заманындағы сахабалардың барлығы кәсіпкер, дәулетті жігіттер болды. Яғни, пайғамбарымыздың үзеңгілес достары, ең ұлы адамдар дәулетті болды. Исламда дәулетті өмір сүруге тыйым жоқ. Бірақ, ысырыпқа, дандайсуға рұқсат етпейді. Дін адамына қай заманда болмасын материалдық қолдау көрсетіп отырды. Ондай механизм қазір де бар. Дін адамының да баспанасы немесе баспана жалдап тұратындай жалақысы болу керек. Орта ғасырларда имамдарға арнайы жалақы бөлетін. Қазақ даласында байлар институты деген болды. Олардың әрқайсысы медресе, мешіт салды. Молда ұстады. Имамдар әрине, Алла разылығы үшін қызмет жасайды. Бірақ, олардың әлеуметтік мәселесі шешілу керек», — дейді ол.
Сондай-ақ, Смайыл Сейітбеков қазіргі таңда имамдарға көлік, айфон секілді бағалы дүниелер сыйлық болып келетінін де жасырмады.
«Кейбір имамдарға, ұстаздарға кәсіпкерлер үй, көлік, айфон сыйлап жатады. Көңіліне жақын тартса, бауырым, сен де елден қалма деп мұқтаждығын алып беріп жатады. Ал, ол кезде неге мынау мынандай машинамен жүр деп біздің іштарлық жасағанымыз ыңғайсыз ғой. Мысалы, мен Ақтау қаласында қызметімді атқарып болып, Астанаға ауысатын кезде жергілікті 3-4 кәсіпкер бірігіп, Toyota Camry 50 автокөлігін сыйлады. Елге қызмет қылдыңыз, Астанаға барғанда жаяу жүрмеңіз деді. Енді мен сонда сол жақтан есекпен кетуім керек пе? Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Соны дұрыс түсініп, қабылдауымыз керек», — деп ағынан жарылды ол.