"Инвестициялық қорлар туралы" заң жобасы сенаттың түзетуімен мәжіліске қайтарылды - kaz.caravan.kz
  • $ 511.59
  • 575.28
+17 °C
Алматы
2025 Жыл
21 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Инвестициялық қорлар туралы" заң жобасы сенаттың түзетуімен мәжіліске қайтарылды

"Инвестициялық қорлар туралы" заң жобасы сенаттың түзетуімен мәжіліске қайтарылды

Бүгін, 10-маусымда өткен сенаттың жалпы отырысында халық қалаулылары "Инвестициялық қорлар туралы" заң жобасына түзетулер енгізіп, мәжіліске кері қайтарды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі республика Елордасынан.

  • 10 Маусым 2004
  • 1518
Фото - Caravan.kz

Атап айтсақ, заң жобасында үлесті инвестициялық қорлардың активтерін ортақ үлесті меншік құқығына сәйкес пай иелері иемденетіндігі тікелей көрсетілмеуіне байланысты сенаторлар «үлесті инвестициялық қор» деген ұғымды нақтылады. Эмиссиялық құнды қағаз түріндегі пай ерекшелігін ескерген депутаттар «пайды сатып алу» ұғымына түсініктеме беретін толықтыру енгізді. Сондай-ақ, сенімді басқару жөніндегі келісім-шарты үлесті инвестициялық қор тәртіптерінің құрамдас бөлігі болып табылады деген нормаға сәйкестендіру үшін заң жобасының жекелеген ережелеріне түзетулер енгізілді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, заң жобасы Еуропалық тәжірибеге жүгіне отырып елімізге ғана тән айрықша факторларды ескеру негізінде Қазақстанда инвестициялық қорларды дамытуға түрткі болу мақсатын көздейді.
Заң жобасының ерекшелігі сол, онда үлестік инвестициялық қор және тәуекелді инвестициялық қор туралы ұғым қолданысқа енгізіліп, осындай қорларды құру, жұмыс істеу және жұмысын тоқтату шарттары мен бағалы қағаздардан басқа салаға инвестиция салу мүмкіндіктері айқындалған.
Сондай-ақ, бүгін сенат депутаттары «Инвестициялық қорлар жөніндегі мәселелер бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Мәселен, Азаматтық Кодекстің 893-бабына «инвестициялық қорлардың активін сенімді басқару» туралы жаңа редакциялық түзету енгізілді. «Лицензия беру туралы» заңнан инвестициялық қордың лицензия негізінде іс-қызмет жүргізуін заңдастыратын норма алып тасталды. «ҚР банк және банк іс-қызметі туралы» заңына енгізілетін түзету бойынша инвестициялық қорлардың активтерін жабылатын банктердің конкурстық массасына қоспау жөніндегі норма қолданысқа енгізіледі. Ал «Құнды қағаздар нарығы туралы» заңға енгізілетін өзгерістер көмегімен үлесті инвестициялық қордың пай қағаздарын шығаруды мемлекеттік тіркеу тәртібі айқындалды.
«Инвестициялық қорлар жөніндегі мәселелер бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін сенаттың профильді комитетіне жолданды.