Ол Астанадан ата-анасымен бірге Калачидағы әжесіне барған екен. Кешке қарай бүлдіршіннің басы айналып, шошынып айғайлай бастапты. Аяқ астынан осындай күйге түскен оны туыстары ауылдың амбулаториясына жеткізген. Сөйтсе, ол да соңғы екі жылдан бері талай маман бас қатырып, емін де, атауын да таба алмай жатқан «ұйқы дертіне» шалдыққан. Қазір бала ауруханада қалың ұйқыда жатыр. 680 адам тұратын Калачидың тұрғындарының арасында екі-үш рет осылай ұйықтап кетіп, бір аптаға дейін ессіз жатқандар бар. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігінен, арнайы Радиология институттарынан келген мамандар сырқаттың неден болғанын болжап та біле алмай отыр. Жұмбақ аурубелең алған елді мекеннің маңында бұрын уран кеніштері болған.