Кәсіпкер құрылыс компаниясынан ақшасын қайтара алмай жүр - kaz.caravan.kz
  • $ 485.4
  • 550.69
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Кәсіпкер құрылыс компаниясынан ақшасын қайтара алмай жүр

Кәсіпкер құрылыс компаниясынан ақшасын қайтара алмай жүр

Таразда жеке кәсіпкер бір жылдан бері құрылыс компаниясынан өз қаржысын қайтара алмай жүр. Захира Мырзахметованың айтуынша, этно-мәдени орталығын тұрғызуға келіскен мердігер оның 16 миллион теңгеден аса ақшасын алып, құрылысты аяқсыз қалдырып кеткен. Қарызға батқан   бизнесмен енді не істерін білмей, басы қатуда. Тіпті құзырлы орындардан да қайран болмай тұр.      

  • 5 Тамыз 2014
  • 304
Фото - Caravan.kz

Захира Мырзахметова былтырдан бері құрылыс компаниясының басшысын іздеп жүр. Айтуынша, мердігермен 16 жарым миллион теңгеге этно-мәдени орталығын салуға уағдаласыпты. Алайда тәуір басталған тірліктері көп ұзамай тоқтап қалған. Оның үстіне зәулім сарай тұрғызуға жететін ақша нысанның тек төрт қабырғасына жұмсалды дегенге кәсіпкер сенбейді.  

Захира Мырзахметова, кәсіпкер:

-Менің ақшамды мына жерге жұмсағаны күмәнді, ақшамның өзі жоқ. Менімен бетпе-бет жүздесуге келмейді. Біресе Жаңатас, біресе Қаратауда жүрмін, Еурохиммен жұмыс жасап жатырмын дейді. Сөйтіп мені алдаудан-алдау. Шаршатып бітті.

Кәсіпкер қаржыны несиеге алған.Енді сол миллиондардың бұйырмай кететін түрі бар. Захира Мырзахметова құрылыс компаниясының үстінен шағым түсіргенімен, құзырлы орындардан қолдау таппаса керек. Прокуратура арызды полицияға ысырса, ондағылар әлі күнге үнсіз жатыр. Ал қаржы полициясындағылар бұл іспен мүлдем айналыспаймыз дейді.   


Захира Мырзахметова, кәсіпкер:

-Қаржы полициясындағылар ол кісі салып беремін деген уәдесін беріп отыр. Ондай жағдайда ештеңе істей алмаймыз деп, берген өтінішімді қайтарып отыр.

Мердігердің тұрақты кеңсесінің бар-жоғы белгісіз. Сондықтан компания басшысын тілшілерге де табу қиынға түсті. Бір жетіден бері сан сылтауды айтып кездесуге құлықсыздық танытқан ол тек бүгін телефон арқылы түсініктеме берді.

Ерлан Сәди, «Южные ворота» ЖШС директоры:

-Мерзімінен созып жібердік оны мойындаймын. Мерзімі асып кеткендіктен қосымша жұмыс істеп беремін деп тұрмын. Кішкене уақыт керек. Жұмыс істеп беруден қашып тұрғаным жоқ. Бізде де жағдай қиындау болып жатыр.

Мердігер бірер күнде іске кірісіп, бір айдың ішінде нысанның кілтін тапсырамын деп ант-су ішті. Алайда кәсіпкердің бұл уәдеге сенгісі жоқ.