Жарияланды: 1500

Каспий теңізінде мұнай өндіру жұмыстарын жүргізуде экономикалық және экологиялық мүдделердің тепе-теңдігін сақтау керек - А.Самақова

Каспий теңізінде мұнай өндіру жұмыстарын жүргізуде экономикалық және экологиялық мүдделердің тепе-теңдігін сақтау керек. Бұл туралы Каспий экологиясына арналған "Caspian Ecology 2003" атты алғашқы халықаралық конференцияда ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі Айткүл Самақова мәлімдеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Халықаралық экологиялық форумның Каспийдегі көмірсутегі кеніштерін игеру жұмыстарын бастағалы отырған Қазақстанда өткізілуі экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтауға итермелейтіндіктен бұл оқиғаны қоршаған ортаны қорғау министрі жақсы нышанға балады. А.Самақова Оңтүстік-батыс Тәжіғали және Прибрежное кеніштеріндегі суға батырылған мұнай ұңғыларының техникалық нашар ахуалына алқалы жиынға қатысушылардың назарын аударды. Бұл ұңғыларда 2001-жылы және 2002-жылдың мамырында танкерден мұнай төгілгені белгілі. Министр сондай-ақ, үстінде мұнай тиелген 18 цистернасы бар әзербайжандық Меркурий-2 кемесінің суға батып, 15 шаршы шақырымға мұнай төгілуге қатысты қайғылы оқиғаны да еске сала кетті. Сондай-ақ, "Ислам Сафарли", "Виктор Кибенок" және "Гафур Мамедов" танкерлерімен мұнай тасымалдау және тиеу кезінде мұнай төгілу оқиғаларына да назар аударылды. "Батыс Қашаған-1", "Шығыс Қашаған-3" және "Қаламқас-1" мұнай ұңғыларын сынақтан өткізген кезде мұнай төгілу оқиғалары төрт мәрте тіркелсе, Ақтау теңіз айлағында да мұнай төгілген апатты жағдайлар кездесті. Министрдің пайымдауынша, Каспий теңізінің түбі арқылы мұнай құбырын тарту да қатер тудырып отыр. 2001-жылдың сәуір-мамыр айларында жер астында дүмпулер болу салдарынан жер қойнауынан химиялық заттар атқылап, су температурасы шұғыл көтеріліп, майшабақтардың жаппай қырылу оқиғасы белең алды. А.Самақованың айтуынша, мұнай компаниялары теңіздегі мұнай операцияларын жүзеге асыру барысында экологиялық қауіпсіздік тұрғысынан кейбір шаралар қолданып жатқанымен бұлар мүлдем жеткіліксіз. Айталық, Теңізшевройл компаниясы соңғы уақытта ауаға тасталатын зиянды қалдықтар мөлшерін 17 млн. тоннаға немесе 22 процент азайтқан. Болашақта бұл компания газды босқа жағып жіберуді мүлдем доғарып, мұнай қысымын бірқалыпты сақтау үшін газды толығымен жер қабатына кері айдауды жоспарлап отыр. Бірлескен кәсіпорынмен осы жөніндегі келісімге қол қойылып, тиісті құжаттар заңдастырылды дейді министр. Сондай-ақ, Аджип ККО компаниясы да келісім-шарт бойынша жауаптанып алмаған аумақтағы ескі ұңғылардан мұнай төгілуіне жол бермеуге кейбір қадамдар жасауда. Каспийде жұмыс істейтін барлық компаниялар жалпы алғанда, тазарту қондырғыларын салу, улы заттарды утилизациялау қатарлы табиғат қорғау шараларына жыл сайын 100 млн. доллардан астам қаржы жұмсап отыр. Қазақстанда қазір экологиялық посттар желісін құру, мұндай постты Ақтау теңіз айлағы еркін экономикалық аймағында да құру көзделіп отыр. "Біз тек болары болып, бояуы сіңген экологиялық тауқыметтерді ғана шешумен шектелмей, қиындықты дер кезінде болжай білуге, және олардың алдын алуға қол жеткізгіміз келеді",- деді А.Самақова. Оның айтуынша, жалпы экономиканы, заңдар мен қоғамды жаппай экологиялық мүддеге жұмыс істетудің маңызы зор. Кешікпей үкімет қарауына міндетті экологиялық сақтандыру жөніндегі жаңа заң жобасы жіберіледі. Қазір еліміз бойынша экологиялық бағытта жұмыс істейтін 300 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың басым бөлігі халықаралық экологиялық бағдарламалармен байланыста жұмыс істейді. Бұл тұрғыда Қазақстан Каспийді қоршай орналасқан мемлекеттермен ынтымақтастыққа әзір.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть