Лап ете қалған жалын көліктің артқы бөлігі мен көлік иесін шарпыды, салдарынан оның денесін 25 пайыз күйік шалып, ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметінен хабарлады.
«Жаздың алғашқы күнінде Петропавлдағы Хорват көшесінде жекеменшік ауланың ішінде өрт болды. Аулада «Nissan-Primera» көлігі тұрған, 28 жасар иесі оған канистрден бензин құймаққа әрекеттенген. Алайда қырсық шалғанда, жанармай құйылған ыдыс қолынан тайып кетіп, қатты қызып тұрған мангалға төгіліп кетеді. Бірден лап ете қалған жалын көліктің артқы бөлігі мен ер адамды отқа орады. Оның денесін 25 пайыз күйік шалып, оқиға орнынан ауруханаға жеткізілді», — делінген хабарламада.
ТЖ ақпаратына сүйенсек, өрт айналаны көзді ашып-жұмғанша шарпып, тұрғын үйдің шатыры мен қабырғасын зақымдады. Өрт сөндіруге ӨБ-4, СҚО ТЖД «АҚЖжәнеҚҚ» ММ ӨБҚ-3 күштері мен құралдары жұмылдырылды. Жалын тілі 71 шаршы метрді шарпыды.
Айта кетсек, Солтүстік Қазақстанда өткен аптада 17 өрт оқиғасы тіркелді.