Қауіп күшейіп барады: Алматы жер сілкінісіне дайын ба?  - kaz.caravan.kz
  • $ 464.73
  • 546.57
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
22 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қауіп күшейіп барады: Алматы жер сілкінісіне дайын ба? 

Қауіп күшейіп барады: Алматы жер сілкінісіне дайын ба? 

Қазақстан сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Тарихта 9 балдан асатын жойқын жер сілкіністері болған.

  • 20 Сәуiр
  • 43
Фото - Caravan.kz

Елімізде жер сілкінісі жиіледі. Сарапшылар мұны табиғи заңдылық деп түсіндіреді. Табиғи құбылыстың көбінесе Алматы маңында тіркелетінін ескерсек, оңтүстік астана сойқын жер сілкінісіне қаншалықты дайын деген сұрақ туындайды. Сарапшылар қауіптің бар екенін жасырмайды. Белгілі сейсмолог Мұхтар Хайдаров «Прямо по Кунаева» бағдарламасында осы сұрақтарға жауап берді. Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.

Сейсмикалық белсенділік неге артып жатыр

Соңғы айлардың өзін алып қарайтын болсақ, Қазақстанда және көршілес өңірлерде жер сілкіністері жиі тіркеліп жатыр. Кей күндері бірнеше дүмпу қатарынан байқалады. Сейсмолог Мұхтар Хайдаров бұл жағдайды жаһандық геодинамикалық үдерістермен байланыстырады. Оның айтуынша, Үнді, Тынық мұхиты және Араб плиталарының қозғалысы Орталық Азияға қарай бағытталған.

«Біздің өңір барлық жағынан геодинамикалық қысымда тұр. Сондықтан сейсмикалық белсенділіктің артуы заңды құбылыс. Бұл қазірдің өзінде айтарлықтай маңызды деңгейге жетіп қалды», — дейді маман. 

Қазақстан сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Тарихта 9 балдан асатын жойқын жер сілкіністері болған. Ең белгілілері XIX–XX ғасырларда қазіргі Алматы маңында тіркелген.

Урбанизация мен қауіптің түйіскен жері

Бұрынғы Верный қаласында биік ғимараттар болмаған. Ал қазіргі Алматы көпқабатты үйлерге толы мегаполиске айналды. Сарапшының айтуынша, мұндай жағдайда қауіп те артады. 

«Сейсмология өз заңымен жұмыс істейтінін ұмытпау керек, ал біз Алматыны биік үйлер мен ғимараттарға толтырып тастадық», — дейді Мұхтар Хайдаров.

Қала дайын емес

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова маңызды мәселені көтерді. Оның айтуынша, Алматыда төтенше жағдай кезінде халық жиналатын нақты орындар анықталмаған.

«Адамдар қайда жиналады деген сұраққа нақты жауап жоқ. Ашық алаңдар жетіспейді, мектеп аумақтары да толық салынған. Адамдар қайда барады?», — деді Ирина Смирнова.

Тағы бір маңызды фактор ол құрылыс сапасы. Сейсмологтардың айтуынша, көптеген ғимараттар жеткілікті деңгейде терең іргетассыз салынып жатыр.

«Ғимарат неғұрлым терең болса, соғұрлым берік болады. Бірақ кейбір құрылысшылар жылдам пайда табуды бірінші орынға қояды. Бұл апат кезінде зардаптың ауқымын ұлғайтатын фактор», — дейді Мұхтар Хайдаров.

Ең қауіпті сценарий

Сарапшылар ең ауыр сценарийді де жоққа шығармайды.

«Бұл жерде бір ғана үй құламайды ғой, бірінің үстіне бірі құлап, тізбекті реакция болуы мүмкін. Дәл осы кезде адамдар қайда қашарын білмей сандалады. Сондықтан 2,5 миллионнан астам тұрғыны бар қала үшін өте өзекті мәселе екенін айта кету керек», — деп ескертеді Мұхтар Хайдаров.

Шешім бар ма?

Мамандар қауіпсіздікті арттырудың бір жолы ретінде жерасты нысандарын дамытуды ұсынады.

«Жер бетінде 9 балдық жер сілкінсе, метрода шамамен 2 балл ғана сезіледі. Жерасты құрылымдары әсерді бірнеше есе азайтуға қауқарлы. Сондықтан метро мен жерасты кеңістіктері тек көлік инфрақұрылымы емес, төтенше жағдайда паналау орны да бола алады», — дейді Мұхтар Хайдаров.