Ұтып тұрып, бірақ қызықсыз болсаң UFC шығарып жібереді - Бекзат Алмахан - kaz.caravan.kz
  • $ 464.73
  • 546.57
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
22 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ұтып тұрып, бірақ қызықсыз болсаң UFC шығарып жібереді - Бекзат Алмахан

Ұтып тұрып, бірақ қызықсыз болсаң UFC шығарып жібереді - Бекзат Алмахан

27 маусым күні Баку қаласында UFC Fight Night 280 турнирі өтеді.

  • 22 Сәуiр
  • 16
Фото: www.instagram.com/bekzatalmahan

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Аталған жекпе-жек кешінде октагонға Қазақстанның екі бірдей өкілі шығады.

Ең жеңіл салмақта Асу Алмабаев (рейтингте 8-орын) америкалық Чарльз Джонсонмен (13-орын) кездеседі. Ал жеңіл салмақтағы отандасымыз Бекзат Алмаханның қарсыласы — бразилиялық Жан Мацумото. Бұл жекпе-жек турнирдің алдын ала кардында өтеді.

Бекзат Алмахан үшін бұл айқас ерекше маңызға ие. Себебі ол UFC-дегі қазіргі келісімшарты аясындағы соңғы жекпе-жегін өткізеді. Сонымен қатар, екі спортшы да соңғы кездесулерінде жеңіліс тапқан. Сондықтан олар бұл жолы жеңіс жолына қайта оралуға бар күшін салмақ.

Бекзат Алмахан спорт сарапшысы Исатай Мадиге берген сұхбатында қарсыласы туралы өз ойын айтты.

«Мацумото өте шыдамды, алдыға жүре беретін боксшы. Нокаут көрмеген, мерзімінен бұрын ұтылмаған. Бірақ бәрі мүмкін, Алла қаласа. Дайындықты бастадық. Кез келген адам мерзімінен бұрын ұтқысы келеді. Бірақ 100% мерзімінен ұтам деген ой жоқ. Соңғы жекпе-жегімде де ондай ой болған жоқ. Көбісі «мерзімінен бұрып құлатып, ұтам деп жүрді» деп ойлайды. Жоқ, ондай ой жоқ. Дегенмен, сәті түсіп жатса, жібермеуге тырысамыз. Соңғы кездесуде Топуриядан да, оның командасынан да көп нәрсе үйрендім», — дейді ол.

Сондай-ақ, файтер UFC-ге «қызықты» болудың да маңызы мен хейтпен қалай күресетінін де айтты.

«Хейт кез келген адамға жағымсыз әсер етеді ғой. Еркек болғасын бәріне көнесің. Кейде ашуланып кететін, сол адамға жазғың келіп кететін, ұрғың келетін кездер болады. Барынша сабыр сақтауға, оқымауға, қарамауға, жауап бермеуге тырысамын. Олар да жеке басқа өтіп кетпесе болды. Бірінші жақсы жағынан ойлауға тырысамын.

Мен амалын жасаймын. Не істеу керек бәрін істеймін. Ойым да, мақсатым да UFC-де қалып, топқа кіріп, чемпион болып сол жерде жүру. UFC-де ұту, ұтылуға емес, өзіңе байланысты. Қызықты болуың керек. Ұтып тұрып та қызықсыз болсаң UFC шығарып жібереді», — дейді ол.