Қазақстан жаңа көлік дәлізін салып жатыр: Бейнеу – Сексеуіл жолы не береді? - kaz.caravan.kz
  • $ 465.08
  • 536.52
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
14 Тамыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан жаңа көлік дәлізін салып жатыр: Бейнеу – Сексеуіл жолы не береді?

Қазақстан жаңа көлік дәлізін салып жатыр: Бейнеу – Сексеуіл жолы не береді?

Қазақстанда стратегиялық маңызы бар автожол құрылысы басталды.

  • 10 Тамыз
  • 19
Фото: Фейсбук/Андрей Зубов

Жоба еліміздің батыс өңірлерін орталық Қазақстанмен тікелей байланыстырып, Қытай мен Еуропа арасындағы Орта дәліздің өткізу қабілетін арттырмақ. Жаңа бағыт іске қосылғаннан кейін жүк тасымалының жолы шамамен мың шақырымға қысқарып, жеткізу мерзімі бес тәуліктен үш тәулікке дейін азаяды. Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады. 

Жобаның басталғанын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялады. Президент жаңа магистраль еліміздің өңіраралық байланысын нығайтып қана қоймай, халықаралық сауда бағыттарының тиімділігін арттыратынын атап өтті.

«Еліміздің өңірлерін өзара жақындастыратын бұл жол Қытай мен Еуропаны жалғайтын “алтын көпірге” айналады», – деді Президент.

Жаңа жолдың стратегиялық маңызы қандай?

Бейнеу – Қазақстанның көлік жүйесіндегі маңызды тораптардың бірі. Бұл жерден Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан бағыттарына, сондай-ақ Ақтау және Құрық теңіз порттарына шығатын халықаралық бағыттар түйіседі. Сонымен қатар дәл осы өңірден Қытайды Еуропамен байланыстыратын Орта дәліздің қазақстандық бөлігі басталады.

Ал Қызылорда облысындағы Сексеуіл стансасы бүгінде еліміздің батысы, оңтүстігі және шығысы арасындағы жүк ағындарын қайта бөлетін ірі көлік торабы саналады.

Жаңа автожол осы екі маңызды нүктені тікелей байланыстырып, Қазақстанның батыс өңірлері мен орталық бөлігінің арасындағы көлік қатынасын едәуір жақсартады.

Жүк тасымалы үш тәулікке дейін қысқарады

Жоба іске қосылғаннан кейін логистикалық тиімділік айтарлықтай артады. Атап айтқанда:

  • жүк тасымалының бағыты шамамен 1000 шақырымға қысқарады;
  • жеткізу мерзімі 4,5–5 тәуліктен шамамен 3 тәулікке дейін азаяды;
  • жолдың өткізу қабілеті екі есеге жуық артады;
  • жыл сайынғы жүк айналымы 13,2 миллион тоннаға жетеді;
  • оның ішінде 5 миллион тоннаға жуығы халықаралық транзитке тиесілі болады.

Сонымен бірге жаңа бағыт Каспий теңізіндегі Ақтау мен Құрық порттарына тікелей шығуға мүмкіндік береді. Бұған дейін жүк көліктері Ақтөбе арқылы ұзақ айналма жолмен жүрсе, енді халықаралық тасымал әлдеқайда қысқарады. Осы арқылы жүктер Әзербайжан, Грузия, Түркия және Еуропа елдеріне жылдам жеткізіледі.

Жаңа жол – жаңа жұмыс орындары

Журналист Андрей Зубовтың айтуынша, жол құрылысы тек көлік инфрақұрылымын дамыту емес, өңірлік экономиканың өсуіне де серпін береді.

Қазіргі таңда Қазақстанда көлік және қоймалау саласында 663 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл қатарға жүргізушілерден бөлек, құрылысшылар, логистер, жол қызметкерлері, механиктер, жанармай құю бекеттерінің қызметкерлері, қонақүй мен дәмхана иелері, техникалық қызмет көрсету стансаларының мамандары, қойма және терминал қызметкерлері кіреді.

Әдетте жаңа автожол салынған өңірлерде сервистік нысандар көбейіп, шағын және орта бизнес дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылады.

Логистика Қазақстан экономикасының драйверіне айналып келеді

Соңғы жылдары көлік және логистика саласы Қазақстан экономикасындағы ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың біріне айналды.

Қазір бұл саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 6,1 пайызды құрайды. Салыстырмалы түрде алғанда, тау-кен өнеркәсібінің үлесі – 11,9 пайыз. Алайда өткен жылдың қорытындысы бойынша дәл көлік және логистика саласы 20,4 пайыздық өсіммен ең жоғары қарқын көрсеткен.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның географиялық орналасуы елге халықаралық транзиттен ғана емес, инвестиция, жаңа өндіріс пен қызмет көрсету салаларының дамуына да мүмкіндік береді.

Елде бірнеше ірі жол жобасы қатар жүзеге асырылып жатыр

Қазір Қазақстанда бір мезгілде бірнеше стратегиялық жол жобасы іске асырылуда. Олардың қатарында:

  • Сарыағаш қаласының айналма автожолының құрылысы;
  • Жезқазған – Қарағанды автожолын қайта жаңарту;
  • Қызылорда – Жезқазған автожолын реконструкциялау.

Бұдан бөлек, 2027 жылға дейін мемлекеттік шекарадағы барлық автомобиль өткізу бекеттерін толық жаңғырту жоспарланып отыр.

Мамандардың бағалауынша, бұл жобалар Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріндегі бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елдің Еуразиядағы маңызды логистикалық орталық ретіндегі орнын одан әрі нығайта түседі.