"Қазақстанда құстардың ұшақтармен соқтығысуы 30%-ға жиілеп кеткен": Ресейлік БАҚ еліміз туралы не жазуда? - kaz.caravan.kz
  • $ 511.18
  • 530.6
-9 °C
Алматы
2025 Жыл
9 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Қазақстанда құстардың ұшақтармен соқтығысуы 30%-ға жиілеп кеткен": Ресейлік БАҚ еліміз туралы не жазуда?

"Қазақстанда құстардың ұшақтармен соқтығысуы 30%-ға жиілеп кеткен": Ресейлік БАҚ еліміз туралы не жазуда?

Ресейлік БАҚ Қазақстан туралы, қазақтар жайлы не жазуда? Еліміз жайлы қандай ақпараттар таратуда?

  • 5 Ақпан
  • 129
Фото - Caravan.kz

Caravan.kz медиа порталы ресейлік басылымдарға шолу жасап көрді.

Черчесов: «Жүйені өзгерту керек еді» — Матч ТВ

Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Станислав Черчесов «Матч ТВ» эфирінде ұлттық құрамадағы жұмысында қандай қателіктер жібергенін айтты.

«Ұлттар лигасында мен бұрын да айтқанмын – команданы қайта құру керек болды. Әсіресе, қарсыластардың деңгейін ескерсек. Бірінші орын аламыз деп үміттену және алға шығамыз деу – тым аңғалдық. Ал әлем чемпионатының іріктеу матчтарында жастарды сынап, жүйені өзгерту керек еді. Нәтиже бар, бірақ ішкі жұмыс та бар. Федерация президенті осындай шешім қабылдаса, демек, онымен өмір сүру керек», – деді Черчесов.

Оның айтуынша, әркімнің өз футбол философиясы бар.

«Біреулер бүгін мен болашақты ойлайды, ал біреулер «тек ештеңе өзгере қоймаса болды» деп қарайды. Біз бапкерлік штаб ретінде ешқашан ондай тәсілді ұстанған жоқпыз. Команданы қабылдағанда, штабқа сұрақ қойдым: бізді не күтіп тұр және не істеу керек? Сол кезде осы бағытта жүру туралы шешім қабылданды. Әрине, көбірек ұпай жинағымыз келді, бірақ қарсылас та өз жұмысын жасайды», – деп түйіндеді бұрынғы бас бапкер.

Қазақстан құрамасы Азия ойындарында Таиландты ойсырата жеңдіSports.ru

Топтық кезеңнің бірінші тур матчында Олег Болякиннің командасы Таиланд құрамасын 12:0 есебімен жеңді.

Бұл топта Қазақстан мен Таиландтан бөлек, Тайвань, Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония құрамалары да бақ сынайды. Барлық командалар ширек финалға шығады, оларға В және С квартеттерінің жеңімпаздары қосылады.

Қазақстан құрамасы турнирдегі келесі ойынын 5 ақпанда Қытайға қарсы өткізеді.

Қазақстанда құстардың ұшақтармен соқтығысуы 30%-ға жиілеп кетті — Interfax.ru

Қазақстандық әуе тасымалдаушы Air Astana 2024 жылы елде ұшақтардың құстармен соқтығысу жағдайлары айтарлықтай көбейгенін мәлімдеді.

«IATA мәліметтері бойынша, мұндай инциденттердің деңгейі Қазақстанда әлемдік көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. 2024 жылы топтық компаниялардың 10 мың рейске шаққандағы құстармен соқтығысу көрсеткіші 2023 жылмен салыстырғанда 30%-ға өсіп, 203 жағдайға жетті», – деп хабарлады авиакомпанияның баспасөз қызметі.

FlyArystan рейсі құстармен соқтығысты

Атап айтқанда, 2025 жылдың 26 қаңтарында FlyArystan әуе компаниясының FS 7366 рейсі (Орал – Астана) ұшып көтерілу кезінде құстардың тобына соқтығысқан. Алайда әуе кемесінің жүйелері мен қозғалтқыштарында ақау анықталмағандықтан, ұшақ сапарын жалғастырып, Астана әуежайына сәтті қонды.

Әуе кемесін тексеру барысында сол жақ қозғалтқыштағы компрессор қалақтарының, фюзеляж бөліктерінің зақымданғаны және қозғалтқыш ішінен құс қалдықтары табылғаны анықталды. Құстардың түрін анықтау үшін олардың қалдықтары ДНҚ-талдауына жіберіледі, бұл Орал әуежайында осындай оқиғалардың алдын алуға көмектеседі.

Air Astana әуежайларды ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоршаған ортаны бақылау мен басқаруды қоса алғанда, белсенді шараларды енгізуге шақырды.