Енді зейнетақы жинағын пайдалану үшін қанша қаржы жинауымыз қажет? Зейнетақы жинағын жеке компаниялардың басқаруына беру тиімді ме? Сaravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты жалғастырады.
Зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігін енгізу туралы бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жариялаған болатын. Осыдан кейін «жеткіліктілік шегі» ұғымы енгізіліп, азаматтарға аталған межеден асқан қаражатты тұрғын үй мәселесін шешуге, емделуге және инвестициялық басқаруға беру құқығы берілді. Айта кету керек, соңғы алты айда шек екінші рет көтіріліп отыр. Алғашқы өзгеріс 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Ол кезде көрсеткіш инфляция деңгейіне сәйкес орта есеппен 10%-ға өсті.
Мамырдың аяғында үкімет жеткіліктік шегін есептеудің жаңа әдістемесін бекітті. Бұл ереже 2026 жылғы 5 маусымнан бастап қолданысқа енді.
Жаңа әдістеме халықаралық тәжірибеге негізделген. Енді шекті есептегенде адамның болашақта төлейтін зейнетақы жарналары емес, зейнетке шыққаннан кейін төлем алу үшін шотында қалуға тиіс қаражат көлемі есепке алынады. Есептеу барысында ең төменгі зейнетақы мен ең төменгі жалақы сияқты әлеуметтік көрсеткіштер ескеріледі.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу: Халықаралық тәжірибе қандай қателіктер жіберді?
Жеткіліктілік шек 80 пайызға өсті
Жеткіліктілік шегі – азаматтың зейнет жасына жеткен кезде лайықты зейнетақы алуын қамтамасыз ету үшін БЖЗҚ шотында міндетті түрде қалуы тиіс ең төменгі жинақ сомасы. Басқаша айтқанда, салымшы өзінің зейнетақы қорындағы осы шектен асқан бөлігін ғана тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге немесе жеке инвестициялық басқаруға пайдалана алады. Жеткіліктілік шегі әр жас санаты үшін жеке есептеледі және адамның болашақта ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес төлем алу мүмкіндігі ескеріле отырып анықталады.
Жаңа есептеулерге сәйкес көрсеткіштер орта есеппен 80 пайызға артқан. Соған сәйкес, зейнетақы шотындағы артық ақшаны алу үшін 20 жастағы азаматтың шотында кемі 6 млн 670 мың теңге жиналуы керек, 30 жастағы азаматтар үшін бұл шек шамамен 10 миллион теңгеге дейін жеткен. Жас ұлғайған сайын талап етілетін сома да арта береді. Іс жүзінде бұл жастар үшін ғана емес, тіпті мол жылдық тәжірибесі бар мамандар үшін де қолжетімсіз болмақ.
Мұндай ақшаны қашан жинап үлгеруі керек?
Жаңа талаптар жарияланғаннан кейін әлеуметтік желіде наразылықпен қатар, түрлі әзілдер мен мысқыл жазбалар көбейді.
Кейбір қолданушылар мұндай соманы жинау үшін қазақстандықтар жұмысқа туылғаннан кірісуі керек екенін жазып жатыр. Тіпті кейбіреулер ультрадыбыстық зерттеу суреттерін жариялап, «ана құрсағында жатқан кезде-ақ зейнетақы жарнасын аударуды бастау керек еді» деген сарындағы жазбалар қалдырған. Әрине, мұндай әзілдің астарында халықтың шынайы ызасы мен наразылығы жатыр.
«Қарапайым қазақстандықтар үшін қабылдаған ең қиын шешімдердің бірі деп ойлаймын. Мен өзім зауытта жұмыс істеймін, 17 жылдық еңбек өтілім бар, жасым 40-тан асты, соған қарамастан, пәтер алатын кезде 500 мың ғана ала алдым, ал қазір ол шек енді өсіп кетті. Кім үшін қабылдап жатырсыздар? 20 жастағы бала енді оқуын бітіріп, өмір сүре бастады, оның шотында 7 млн қайдан болады?» — деп шүйлікті Атыраулық журналист, әрі блогер Нұрлан Жунасов.
Сарапшылар не дейді?
Сарапшылардың айтуынша, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі алғашқыда жұмыс істейтін азаматтарды қолдау шарасы ретінде ұсынылған болатын. Нәтижесінде мыңдаған отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты, ипотекалық қарыздарын азайтты немесе емделуге қаражат жұмсады.
Енді жеткіліктілік шектерінің көтерілуі жағдайды түбегейлі өзгертті.
Экономистердің пікірінше, орташа табыс алатын азаматтар үшін жаңа талаптар зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігін бірнеше жылға кейінге шегеруі мүмкін.
«Менің жеткіліктілік шегім шамамен 7-8 миллион теңгеге өсті. Бұл өте үлкен сома. Орташа жалақы алатын адамдар үшін мұндай өзгеріс олардың бағдарламадан бірнеше жылға шет қалуын білдіреді. Бастан бас Президент осындай ұсыныс жасағанда халық қуанышпен қабылдаған еді. Себебі орташа қазақстандық үшін мұндай шара ауадай қажет болды, көпшілікке пайдасы тиді», – дейді экономист Олжас Байдильдинов.
Мамандардың айтуынша, ресми түрде жұмыс істеп, салық төлейтін, тұрақты түрде зейнетақы жарнасын аударып жүрген азаматтар бағдарламаның негізгі қатысушылары болған.
Мемлекет неге шекті мөлшерді көтерді?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл шешімді азаматтардың қартайған шағын қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндіреді.
Ведомство өкілдерінің пікірінше, зейнетақы қоры қарапайым депозит ретінде қарастырылмауы тиіс. Әрбір азамат қандай қызмет атқарса да, қандай көлемде жалақы алса да, зейнет жасына жеткен кезде жеткілікті қаржы жинауы қажет.
Сондықтан мемлекет салымшылардың шотында көбірек қаражат қалуын маңызды деп санайды.
Бұл әлеуметтік әділетсіздік емес пе?
Жаңа шектерге байланысты қоғамда ең көп талқыланған мәселенің бірі – әділеттілік мәселесі болды.
Көпшілік бұрынғы талаптар кезінде қаражатын пайдаланып үлгерген азаматтар мен жаңа талаптарға байланысты мұндай мүмкіндіктен айырылған адамдар арасында теңсіздік пайда болғанын айтады.
Сарапшылар да бұл мәселенің негізсіз емес екенін мойындайды.
Олардың пікірінше, мемлекет бастапқыда азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат беріп, кейін талаптарды бірден өзгерткен кезде, адамдар арасында әділетсіздік сезімі туындауы заңды.
«Мен зейнетақы қорындағы ақшаны алу идеясын жалпы қолдамаймын. Десе де, қазіргі жағдайға қарап, әділетсіздіктің барын көріп отырмын. Себебі бұрынғы шектер бойынша қаражатын пайдаланып үлгергендер бар. Ал үлгермеген азаматтар ыңғайсыз жағдайда қалды. Қоғам айтып отырған әлеуметтік әділетсіздік дәл осы жерден басталады», – дейді Мұрат Темірханов.
Егер бұл қаражатты жұмсауға болмайтын болса, неге оны мемлекет пайдалана алады?
Жаңа өзгерістерді сынаушылар тағы бір маңызды сұрақ көтереді.
Егер зейнетақы жинақтарын барынша сақтап, азаматтардың болашағы үшін қорғау қажет болса, онда неге бұл қаражат әртүрлі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға пайдаланылады?
Сарапшылардың айтуынша, кез келген инвестициялық қызмет белгілі бір тәуекелдермен байланысты.
Сондықтан қоғамның бір бөлігі мемлекет азаматтардың өз қаражатын мерзімінен бұрын пайдалануын қауіпті деп есептесе, онда сол қаражатты түрлі қаржы құралдары арқылы инвестициялау қаншалықты орынды деген сұрақ қояды.
Зейнетақы жинақтарын қандай мақсаттарға пайдалануға болады?
Зейнетақы жинақтарын бұрынғыдай емге жұмсауға болады. Атап айтқанда:
- Орфандық ауруларды емдеу. Бұл адам өміріне қауіп төндіретін немесе мүгедектікке әкелетін, таралу жиілігі ресми түрде белгіленген деңгейден аспайтын сирек кездесетін ауыр аурулар.
- Операциядан кейінгі тыртықтарды, туа біткен ақауларды түзетуге арналған реконструктивтік және қалпына келтіру (пластикалық) операциялары, сондай-ақ мастэктомиядан кейінгі қалпына келтіру шаралары.
- Радионуклидтік терапия және радиоактивті йодпен емдеу (радиойодтерапия).
- Радиохирургиялық емдеу.
- Протондық терапия.
Сондай-ақ жинақтарды тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануға болады. Атап айтқанда:
- Ипотекасыз түпкілікті есеп айырысу: тұрғын үйді сатып алу-сату, айырбастау, үлестік құрылысқа қатысу немесе көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті иелену құқығын беру; тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй құрылысына не жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге арналған жер учаскесін сатып алу.
- Ипотекалық тұрғын үй қарызы: бастапқы жарнаны енгізу, қарызды ішінара немесе толық өтеу, қайта қаржыландыру, соның ішінде жөндеуі бар тұрғын үйді сатып алу.
- Тұрғын үй құрылыс жинақтары: ипотека алу немесе оны қайта қаржыландыру үшін салымдарды толықтыру, жеке тұрғын үй салу, оның ішінде жер учаскесін сатып алу; мемлекеттік сыйлықақыны және банк сыйақысын есептеу немесе қайтару.
- Ислам банкі арқылы қаржыландыру: тұрғын үй сатып алу, берешекті ішінара немесе толық өтеу.
- Сатып алу құқығымен ұзақ мерзімді жалға алу: тұрғын үй бағдарламалары, дағдарысқа қарсы бағдарламалар, жекешелендіру немесе бөліп төлеу арқылы сатып алу-сату шеңберіндегі төлемдер.
Енді не істеуге болады?
Қазақстандықтардың зейнетақы активтерінің басым бөлігі әлі де Ұлттық банктің басқаруында қалып отыр. Қазіргі таңда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражаттың шамамен 99,6 пайызы Ұлттық банк арқылы инвестицияланады. Яғни салымшылардың жинақтары ортақ инвестициялық портфельде басқарылып, әртүрлі қаржы құралдарына орналастырылады.
Соған қарамастан, 2023 жылдан бастап азаматтарға өз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке инвестициялық басқарушы компанияларға беру мүмкіндігі ұсынылды. Бүгінде мұндай қызметті бірнеше лицензияланған ұйым жүзеге асырады.
Алайда бұл тетік әзірге кеңінен қолданылып отырған жоқ. 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жеке басқаруға берілген қаражат көлемі 131,5 млрд теңгені құраған. Бұл барлық зейнетақы активтерінің жарты пайызынан да аз. Сарапшылар мұны халықтың бұл мүмкіндік туралы жеткілікті хабардар болмауымен және инвестициялық шешім қабылдауға сақтықпен қарауымен байланыстырады.
Жеке басқарушылар қандай нәтиже көрсетіп отыр?
Соңғы бір жылдағы көрсеткіштерге қарағанда, бірқатар жеке басқарушы компаниялардың табыстылығы инфляция деңгейінен жоғары болған. Салыстыру үшін айтсақ, осы кезеңдегі инфляция деңгейі шамамен 10,6 пайызды құрады. Ал Ұлттық банктің басқаруындағы зейнетақы активтерінің соңғы 12 айдағы табыстылығы 8,57 пайыз деңгейінде қалыптасты.
Сонымен қатар 2026 жылдың алғашқы төрт айында Ұлттық банк басқаратын активтердің кірістілігі нөл пайыз болып тіркелді. Бұған теңгенің АҚШ долларына қатысты нығаюы әсер етті. Өйткені зейнетақы активтерінің елеулі бөлігі шетел валютасындағы құралдарға инвестицияланған. Теңге күшейген кезде мұндай активтердің теңгемен есептелген құны төмендеп, инвестициялық табыс көлеміне ықпал етеді.
Басқарушы компанияны таңдау не береді?
Зейнетақы жинағын көбейтуге мүдделі азаматтар үшін басқарушыны өз бетінше таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл мақсатта арнайы invest.enpf.kz платформасы жұмыс істейді.
Порталда жеке басқарушы компаниялардың қызметі, инвестициялық стратегиялары, табыстылық көрсеткіштері және басқа да маңызды мәліметтер жинақталған. Бұл ақпарат салымшыларға әртүрлі ұйымдардың нәтижелерін салыстырып, өз таңдауларын саналы түрде жасауға көмектеседі.
Жеке кабинет арқылы азаматтар жеке басқаруға беруге болатын жинақ көлемін тексеріп, басқарушы компанияны таңдау немесе ауыстыру тәртібімен таныса алады. Сондай-ақ электронды өтініш жіберіп, оның орындалу мәртебесін бақылау мүмкіндігі бар.
Қазіргі таңда бұл нарықта жұмыс істейтін компаниялар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясына ие. Олар инвестициялау кезінде акциялар, халықаралық ETF қорлары, корпоративтік облигациялар және басқа да қаржы құралдарын пайдалана отырып, активтерді әртараптандыруға басымдық береді.
Қанша қаражатты басқаруға беруге болады?
Қолданыстағы талаптарға сәйкес, міндетті зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражаттың 50 пайызына дейінгі бөлігін жеке басқарушы компанияларға аударуға рұқсат етіледі. Бұл үшін жеткіліктілік шегіне жету міндетті емес.
Егер салымшының жинағы жеткіліктілік шегінен асып тұрса, онда осы шектен жоғары соманың толық көлемін жеке басқаруға беру мүмкіндігі қарастырылған.
Қаражатты аудару тәртібі
Зейнетақы активтерін жеке басқаруға беру үшін азаматтар invest.enpf.kz немесе enpf.kz порталындағы жеке кабинетке, сондай-ақ БЖЗҚ мобильді қосымшасына электрондық цифрлық қолтаңба арқылы кіруі қажет.
Одан кейін «Қызметтер» бөлімінен зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру қызметін таңдап, ұсынылған шарттармен танысу керек. Салымшы қажетті компанияны көрсетіп, аударылатын қаражат көлемін белгілеген соң өтінішті ЭЦҚ көмегімен растайды.
Өтініш өңделіп, мақұлданғаннан кейін БЖЗҚ қаражатты белгіленген тәртіппен таңдалған басқарушы компанияның басқаруына аударады.