Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлім етті, деп жазды Caravan.kz медиа порталы.
Қазақстанда бүгін, 5 мамырда ауа райының қолайсыздығына байланысты кең ауқымды дауылды ескерту жарияланды.
Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің 17 өңірінде ауа райы күрт өзгеріп, жаңбыр, найзағай, бұршақ, тұман, кей жерлерде желдің күшеюі және үсік күтіледі.
Астана қаласында күннің екінші жартысында аздаған жаңбыр мен найзағай болжанған. Жел бағыты өзгеріп, екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде, соның ішінде Жетісу мен Алматы облыстарында найзағай мен жауын-шашын күтіледі. Кей аумақтарда өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында жаңбыр мен найзағай, кей жерлерде қатты жауын мен дауыл болуы мүмкін. Бірқатар аудандарда тұман түсуі ықтимал.
Ақтөбе және Қостанай облыстарында жаңбыр, найзағай, бұршақ және желдің күшеюі болжанып отыр. Солтүстік өңірлерде, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында жел екпіні 25 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында түнгі уақытта ауа температурасы төмендеп, кей жерлерде үсік күтіледі.
Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Жамбыл және Қызылорда облыстарында да өрт қаупі жоғары деңгейде сақталып отыр.
Синоптиктер тұрғындарға алдағы күндері ауа райының қолайсыздығын ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауды, әсіресе жолда және ашық аумақта сақ болуды ескертеді.