Наймандар туралы айлакер, ақылды және өз пайдасын жақсы біледі деген секілді стереотип қалыптасқан. Осы ретте Caravan.kz редакциясы бұл түсініктің қайдан шыққанын зерттеп көрді.
Алдымен тарихқа қысқаша шолу жасайық.
Найман — Орта жүздегі ең ірі әрі саны көп рулардың бірі. Қазіргі таңда наймандар тек Қазақстанда ғана емес, Ресейде (әсіресе Алтайда), Қытай мен Моңғолияда да өмір сүреді.
Наймандар туралы стереотип көп. Ғаламторда бұл ру туралы наймандардың өздері де, басқа адамдар да жариялаған қызықты ақпараттарды жиі кездестіруге болады.
Солардың арасында жиі кездесетін бірнеше пікір де бар. Аталмыш пікірлердің ішінде тарихи тұрғыдан шындыққа жанасатыны — бір кездері наймандар несториан христиандары болғандығы туралы. Алайда қазіргі қазақ наймандары қазақтардың басым бөлігі секілді ислам дінін ұстанатыны бәрімізге белгілі.
Кей жерлерде «нағыз наймандардың» сырт келбеті еуропалықтардай аққұба, көк көзді деген де ақпарат айтылады. Бірақ бұл дерек ғылыми тұрғыда дәлелденбеген.
Ал, ең танымал стереотиптер наймандардың мінезіне байланысты қалыптасқан. Бұл рудың өкілдері өздерін ақылды, жігерлі, еңбекқор, үнемі даму үстінде жүретін, байқағыш әрі дарынды деп сипаттайды. Ал өзгелер бұл қасиеттерді айлакерлік пен қулыққа балайды. Көп адамдарда наймандарға деген теріс көзқарас қалыптасқаны да өтірік емес. Мәселен, «Найманмен құдандалы болудан қорықпа» деген секілді мақалалар да жарық көріп тұрады. Аталған мақалада найман жігітке тұрмысқа шыққысы келген қызы үшін өзін-өзі өлтірген ана туралы ескі анекдот баяндалады. Мұндай анекдоттар мен мақал-мәтелдер өте көп.
Мысалы, «Найман шайтанды да алдап кеткен» деген сияқты әңгімелер немесе «Найман сені бетіңнен сүйсе, тістеріңді түгендеп шық» деген сарындағы қалжыңдар да де жиі айтылады.
Дегенмен соңғы жылдары бұл стереотиптер әлсірей бастады. Себебі, ата-бабаларына, руларына қызығушылық таныта бастаған жастар теріс ұғымға бой бермейтін болды. Наймандармен дос не құда-жекжат болғандар да оларды жиі мақтап жатады.
Наймандардың «қулығы мен айлакерлігі» туралы стереотиптің шығу тегін екі тарихшы түсіндіріп көрді.
Раһимғазы Қабдыкәрім бұл жайлы былай дейді: «Мен де интернеттен наймандарды «қазақтың еврейлері» деп атаған пікірлерді кездестірдім. Бұл пікірдің неден пайда болғанын білесіз бе? Ұлы жүз бен Орта жүздің бір бөлігі ұзақ уақыт бойы Қоқан хандығының езгісінде болды. Ол өлкелер қазақтар Жетісу аймағын білгенше ұмыт болған еді. Ал шығыс пен солтүстік өңірлерде, Ұлытаудан Алтайға дейінгі жерде өмір сүрген наймандар сауатты, білімді, көреген әрі озық ойлы болған».
Ал Жақсылық Сабитовтың пікірі басқа.
«Меніңше, бұл — наймандардың Алматы облысына «экспансиясымен» байланысты қалалық фольклор. Бұл өңірге келген соң олар басқа рулардың өкілдерін ығыстырды. Содан осындай стереотип қалыптасты», — дейді ол.