Жарияланды: 470

«Кеденде көп өзгеріс болғалы тұр» - басылымдарға шолу

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Қыстың қамын жазда ойла» деген тақырыппен мақала жарияланды. Мақалаға кеше Премьер-министр Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен Үкіметте өткен селекторлық мәжілісте көтерілген мәселелер арқау болған. «Қазіргі күні 200-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында еліміздің электр энергетикасы саласында жалпы құны 5 миллиард доллар тұратын 13 жаңа жоба жүзеге асырылуда. Жаңа

жобаларды жүзеге асырудағы осындай қарқын 2017 жылға таман елімізді электрмен қамту ісін толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Алдын-ала болжамдар бойынша, 2015 жылға дейін осы істі одан әрі дамыту үшін 7 миллиард доллар инвестиция салынатын болады», - делінген мақалада. Сондай-ақ осы басылым бүгінгі санында биология ғылымының докторы, профессор Мағжан Исаның «Дүрілдеген даңқың қайда, Алматының апорты?» атты атта мақаласын басты. Автор мақаласында Алматы апортының жоғалып бара жатқандығының себептерін талдап, оны қалай көбейтіп, өсіруге болатындығы жөніндегі терең зерттеулерін ұсынады. Ғалымның айтуынша, апорт алмасының керемет болуы­ның басты факторы - ол Іле Алатауы­ның ерек­ше экологиялық жағдайы мен таби­ғаты. Бұл сортқа қолайлы жағдай - осы таудың теңіз деңгейінен 900-950 метр­ден 1300-1350 метр аралығындағы кеңістік. Жоңғар Алатауында бұл ке­ңіс­тік 850-1250 метр аралығында жатыр. Ал апорт бағы бұдан жоғары орналасса, оған қажетті жылу жетіспейді, одан тө­мен болса, ар­тық­тық етеді. Бірақ XX ғасырдың 60-70 жыл­дарында көпшілік бақтар жо­ға­ры ай­тылған деңгейден тыс орналас­ты­рыл­ды (не төмен, не жоғары). Мұндай жер­де өскен апорттың сапасы төмендеп, аза бастайды. *** «Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстан халқының 27 пайыздан астамы темекіге тәуелді. Соның салдарынан елімізде онкологиялық аурулар артып барады. Ер адамдарда жиі кездесетін өкпе обыры енді әйелдерде тіркеле бастады. Ең қауіптісі, еңбекке жарамды 30-55 жастағы адамдар темекінің құрбанына айналуда. Темекі компанияларының Қазақстан халқының саулығына бас қатырмасы белгілі жайт, олар керісінше, Кеден одағы мен ЕурАзЭҚ кеңістігіндегі өз мүддесін қорғау үшін барын салуда. Мақала «Жылына 25 мың адам көз жұмады» деген тақырыпен беріліп отыр. Сондай-ақ аталмыш басылымның хабарлауынша, еліміздің кеден жүйесін түбегейлі реформалар күтіп тұр. Бұл өзгерістер ең алдымен Қазақстанның Кеден одағына енуіне байланысты. «Әйтсе де, шығыстағы «Қорғас» кеден бекетіндегі соңғы оқиғалар да бұл салада тәртіп орнататын кез келгенін көрсетіп отыр. Өткен аптаның соңында Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Қозы-Көрпеш Кәрібозовтың орнына тағайындалған жаңа төраға Серік Баймағанбетов «Қорғас» бекетіне сапар жасап, сыртқы экономикалық сауда саласындағы кәсіпкерлер мен отандық бизнес өкілдерімен кездесіп, солардың қатысуымен дөңгелек үстел жиынын өткізді», -делінген мақалада. Мақала «Кеденде көп өзгеріс болғалы тұр» деген тақырыппен басылды. *** «Зейнетақы жүйесіне өзгеріс керек». «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында осындай тақырыппен жарық көрген проблемалық мақалада зейнетақы жүйесіндегі түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылады. «Қазақстандағы ең төменгі зейнетақы көлемі 24 мың 047 теңгені құрайды. Біз бұл көрсеткіштердің өзге елдерде қалай түзілетініне өзімізше зерттеу жасап көрдік. Мәселен, бұл көрсеткіш көршіміз Ресейде 250 АҚШ доларын құрайды. Әзірбайжанда - 200, Белоруссияда 176 АҚШ долларының көлемінде екен. Ал Еуропа елдерінің зейнеткерлерінің шалқып өмір сүретінін байыптасақ, біздің зейнет жасындағы қарияларымыздың бейнетқор екендігін амалсыз мойындауға тура келеді», - делінген мақалада. Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, тараздық тентектердің тірлігі әлі күнге дейін күн тәртібінде тұр. Түсіндіру мен алдын алу жұмыстарының жүргізілгенінен қарамастан балалар арасындағы қылмыс өршімесе, өшпей тұр. Тіпті бұл мәселенің шешімін табу үшін ішкі істер министрінің өзі келіп, жиын өткізіп, қадау-қадау тапсырма беріп, кеткенімен әлі нүкте қойылған жоқ. Тыйылатын түр танытпай тұрған мәселе енді тіпті ушығып барады. Бұл мәселе жөнінде «Алаш айнасы» газетінде жарық көрген «Мектеп инспекторы ақша бопсалаушы болып шықты» деген мақаладан толық біле аласыздар. *** «Казахстанская правда» басылымы бүгінгі санында «Равные возможности во всем» атты мақала жариялады. Онда мемлекеттің мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды қолдау мақсатында табанды саясат жүргізіп жатқандығы айтылады. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағыты - халықтың әл-ауқатын үздіксіз арттырып отыру болып табылады. Бұл ретте мемлекет қоғамның әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін балалар мен көпбалалы аналарды, ардагерлер мен мүгедектерді ерекше қолдауды жүйелі түрде жүзеге асыруда. Осыған байланысты балаларды, әсіресе мүмкіндігі шектеулі балаларды қорғау қызметі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басым бағыттарының бірі болып қалмақ», - делінген мақалада.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть