Жарияланды: 40

Келесі жылдан бастап білім беру саласын басқару жүйесі өзгереді - Аймағамбетов

Келесі жылдан бастап білім беру саласын басқару жүйесі өзгереді - Аймағамбетов

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов келесі жылдан бастап білім беру саласын басқару жүйесі өзгеретінін мәлімдеді.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

"Білім беруді басқару органдары жүйесінің дұрыс ұйымдастырылуы – білім беру тиімділігін арттырудың маңызды шарттарының бірі.

Сарапшылар аудандық, қалалық және облыстық білім басқармаларының өзара байланысы мен жұмыс жүргізу жүйесіндегі кемшіліктер туралы ұзақ уақыт бойы айтып келеді", - дейді Аймағамбетов.

Президенттің тапсырмасы бойынша тиісті Заң қабылданыпты.

"Енді 2021 жылдан бастап аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін қаржыландыру және басқару құзыреті облыстық білім беру басқармаларына беріледі, яғни бұл мектептер мен балабақшаларға да қатысты. Бұл – жалпы білім беру саласы үшін өте маңызды қадам", - деп жазды министр.

Айтуынша, халықаралық зерттеулер аймақтардағы білім сапасының әртүрлі екенін көрсеткен. Елімізде бірыңғай нормативтік құқықтық актілер, бірыңғай стандарттар мен талаптар болғанының өзінде өңірлердегі білім сапасындағы айырмашылық 2 жылдан асады.

"Егер білім беру ұйымдарын қаржыландыру мәселесіне көз жүгіртсек, онда да бір облыс ішінде диспропорцияны байқауға болады. Бұл, әсіресе, мектептерді жылыту маусымына дайындау, оқулықтармен қамтамасыз ету, жөндеу жұмыстары мен жаңа білім беру ұйымдарын салу кезінде байқалады.

Бүгінгі жағдай мынадай: мектептер мен балабақшалар аудандық және қалалық білім беру бөлімдеріне бағынады, ал білім бөлімдері өз кезегінде аудандық немесе қалалық әкімдіктерге бағынышты. Ондағы басшылар аудан немесе қала әкімдерінің шешімі бойынша жұмысқа тұрады, қызметтен босатылады және мекемелер қаржыландырылады.

Ал облыстық білім беру басқармаларының заңды түрде және іс жүзінде де ешбір қаржылай, әкімшілік құзыреті болмағандықтан мектептер мен балабақшалардың дамуына айтарлықтай әсер етпейді.

Облыстық Басқармалардың құзыретінде колледждер, дарынды балаларға және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 5-10 мектеп, балалар үйі, ПМПК бар. Бұл басқармалар өңірлердегі әкімдерге бағынады, әкімдіктерден қаржыландырылады. Сәйкесінше, басшыларын да облыс әкімдері тағайындайды", - деді ол.

Министрің айтуынша, білім саласындағы мұндай басқару жүйесі кері байланысқа, білім саласындағы саясаттың тиімді имплементациясына кедергі келтіреді.

"Нәтижесінде қаржыландыру бойынша сәйкессіздіктер кездеседі, жөндеу жұмыстарына, апатты жағдайларда, кадрлық мәселелерге қатысты кері әсерін тигізеді. Білім басқарламалары әкімдіктерге бағынатын мектептер мен балабақшаларға іс жүзінде әсер ете алмайтынын ашық айту керек.

Ал Білім және ғылым министрлігі өз кезегінде оларға тек жанама түрде, МЖБС, оқу бағдарламалары мен НҚА арқылы ықпал ете алады.

Сондықтан енді мектептер мен балабақшалар облыста бір орталықтан ғана басқарылса, қаржыландыруды теңестіру және арттыру мәселелері кешенді түрде шешілетін болады.

Бұл шағын бюджеті тек еңбекақы төлеу қорына ғана жететін аудандар үшін де өте қолайлы болады", - деді Аймағамбетов.

Бұл – жақын арада жүйемізді әлдеқайда тиімді ететін білім беру саласындағы қажет шешім, дейді министр.

"Министрлік пен білім басқармалары арасындағы өзара байланыста да бірқатар мәселелер бар екені жасырын емес. Бұл да – әкімшілік және ұйымдастырушылық бағыныстылықтың болмауының әсері.

Білім және ғылым министрлігі тарапынан басқармалар қызметін әдістемелік үйлестіру жөніндегі "Білім туралы" Заңда көрсетілген құзырет – бұл мәселелерді шешуге мүмкіндік бермейтіні анық.

Бұл ретте қолданыстағы ұйымдастырушылық және қаржы жүйесі бойынша министрліктің 20 мыңға жуық ұйымды тиімді басқаруы әзірше мүмкін емес екенін түсінуіміз керек.

Бұл жағдай жан басына қаржыландыруды кезең-кезеңмен енгізгеннен кейін, бухгалтерия, сатып алу және тағы басқа жұмысты цифрландырғаннан кейін, білім беру ұйымдары жанындағы корпоративтік басқару органдарын енгізгіп, басқа да шараларды қолданғаннан кейін ғана өзгереді", - деді Аймағамбетов.

Айтуынша, әзірше оларға білім бөлімдерін облыстық басқармаларға беруді дұрыс ұйымдастыру, тиімді конфигурация мен олардың өзара іс-қимыл жүйесін ретке келтіру қажет.

"Біз облыстық басқармалар мен қалалық/аудандық білім бөлімдерінің басшыларын тағайындау барысында Білім және ғылым министрлігімен келісілу бойынша нормаларды енгізуге бастама жасадық. Сондай-ақ лауазымды тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптарын да қалыптастырамыз.

Білім бөлімдері мен басқармаларының басшысы қызметіне білім саласында тәжірибесі бар және құзыреті жеткілікті адамдар тағайындалатындай етуіміз керек. Соңғы жылдары бұл лауазымдарға білім саласына қатысы жоқ адамдарды тағайындау фактілері жиі кездесті, оған жол бермеуіміз керек.

Осылайша, аудандық білім бөлімдері мен қалалық білім басқармалары басшыларын тағайындау және жұмыстан босату мәселелерінің БҒМ-мен келісілуі жөніндегі нормасы; бірыңғай біліктілік талаптарын қалыптастыру және қалалық білім басқармалары мен аудандық білім бөлімдерінің басшылығына тәжірибелі мамандарды тарту; директорларды тағайындау жүйесін өзгерту, оларды аттестаттау және ротациялау институтын енгізу; дербестендірілген және жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне ауыстыру; басқару жүйесін өзгерту және білім беру бөлімдерін мектептер мен балабақшаларымен қоса облыстық деңгейге беру мәселесі жалпы жүйенің тиімділігін арттыруға сеп болады", - деп қорытындылады министр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін