Жарияланды: 170

Келесі жылдың басында бензин қымбаттайды – Бозымбаев

Келесі жылдың басында бензин қымбаттайды – Бозымбаев

Экономикалық теорияның заңына сәйкес, жоғары сапалы жанармай бағасы өте қымбат болады.

Бұл туралы энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі LS-ке сілтеме жасап.

Ведомсто басшысы қаңтардан бастап бензин қымбаттайтынын атап өтті. Себебі оның сапасы жоғарылайды.

«Қазір біз К-2 сапалы бензин алып отырмыз. Ал К-4, К-5 алу үшін қосымша тазалау құрылғысы салынып жатыр. Олар қарызға алынған ақшаға құрылады, ал қарызды қайтару керек. Сондықтан да бензин бағасы қымбат болады. Дегенмен, қазір Шымкент мұнай өңдеу зауыты К-4 бере алады, ал Павлодар МӨЗ енді бере бастады», - деп түсіндірді Бозымбаев.

Ол қазақстандықтар жанармайдың жаңа бағасын Атырау мұнай өңдеу зауыты қайта құрылғаннан кейін 2018 жылдың қаңтар-ақпанында біле алатынын айтты.

«Егер Атырауда катализатормен тазалау қызметі жақсы орнатылса, желтоқсанның соңында МӨЗ К-5 сапалы жанармай бере алады. Ал содан кейін қаңтар-ақпанда нақты бағасын білеміз», - деп қосты министр.

Бозымбаев ЕАЭО техникалық регламентіне сәйкес, 2018 жылдан бастап, Қазақстанда К-2 кластағы бензинді пайдалануға тыйым салынады деп ескертті. Жаңа жылдың бірінші тоқсанында өтпелі кезең болады, ал екінші тоқсанда қазақстандықтар тек К-4 және К-5 сапалы бензин қолданады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін