Жарияланды: 490

Келесі жылы Испания үкімет басшысы ресми сапармен Қазақстанға келеді деп күтілуде - Назарбаев

Астана. 27 қараша. "Қазақстан Бүгін" - Келесі жылы Испания үкімет басшысы Хосе Луис Сапатеро ресми сапармен Қазақстанға келеді деп күтілуде. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Ақордада Испания, Куба, Өзбекстан және Катар елдерінің төтенше және өкілетті елшілерінің сенім грамоталарын табыс ету рәсімінде мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Үкіметаралық деңгейдегі ынтымақтастықты қарқындандыру үшін біз келесі жылы Испания үкімет басшысы Хосе Луис Сапатеро ресми сапармен Қазақстанға келеді деп күтіп отырмыз, оған шақыру берілді ", -деді Н. Назарбаев. "Қазақстан Испаниямен арадағы байланысты дамытуға айрықша маңыз береді. Осы елдің басышылығымен арадағы достық сенімді қарым-қатынас бізге өзара қызығушылық тудырған барлық деңгейлер мен салалардағы диалогты белсенді ілгерілете түсуге мүмкіндік беріп отыр. Қазақстан Мадридтің Орталық Азиядағы жетекші экономикалық әріптесі, Испанияның компаниялары еліміздің нарығын табысты игеруде. Испания королі І Хуан Карлостың елімізге деген ықыласы зор. Біздің тұрақты жүздесулеріміз екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты жоғары деңгейде ұстауға көмектесуде. Ағымдағы жылдың тамыз айында Қазақстан Еуропалық Одақ елдерімен байланысты тереңдетуге бағытталған "Еуропаға апарар жол" атты мемлекеттік бағдарламаны қабылдады. Біз Испанияны осы бағдарламаны жүзеге асырудағы бір шешуші серіктесіміз ретінде қарастырамыз",- деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін