Жарияланды: 80

Хэллоуин қандай мейрам?

Хэллоуин қандай мейрам?

Бұл мейрамның қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Сонда да қызығушылар, тағатсыздана күтіп, тойлайтындар көп болғаны ма?


«Соңғы бірнеше жылдан бері, қазан айының соңында, нақтырақ айтсақ 31 жұлдызында еліміздің көптеген жастары бізге таңсық, дәстүрімізге жат болып келетін, мұхиттың арғы жағындағы еріккен американдықтардың «Хэллоуин» мейрамын тойлайтын болып жүр. Тойлағанда да, бет әлпеттеріне түрлі бояулар жағып алып, жын-шайтан кейпіне түсіп көшедегілердің үрейін ұшырып, кейбір жерлерде көлік доңғалақтарын жағып бұзақылық әрекеттерге баруда. 

Бұларға қой деп айтуға біздің құзырлы органдар дәрменсіздік танытуда. Өйткені, дінімізге, дәстүрімізге жат – Хэллоуин, Валентин күні секілді мейрамдарды тойлауға заңмен тиым салынбаған. 

Оқу орны орамал таққан қыздарды кіргізбей, шайтан кейпіне енген жастарды кіргізіп, хэллоуин мейрамын тойлатқан

Мұндай бейәдеп мейрамдар бізге қалай келгенін көпшілігіңіз шамалап отырған шығарсыздар. Ол әрине шет елдерде оқып келген жастар (олардың көбісі байлардың балалары), басқа мемлекеттердің елімізге іріткі салушы күштері және т.б.
Енді, осындай қияли мейрамдарға қазақы ортадан шыққан, еліктегіш жастардың бастары шырмалып қалмауы үшін, ғаламтордан және басқа да дереккөздерінен осы мейрамның шығу тарихы туралы біліп, жариялауды жөн көрдім. 

Сонымен, бұл не қылған мейрам, шығу тарихы қандай? 

Хэллоуин (Halloween) АҚШ-та Рождестводан кейінгі орында тұрған, халық жаппай тойлайтын мейрамдардың бірі болып саналады. 
Бұл мейрам қайдан шыққан және қандай ерекшелігі бар? Бұл үшін мыңдаған жылдарға шегініс жасау керек. 

Христиандық дәуірге дейін кезеңде қазіргі Англия мен Ирландияның, сондай-ақ Францияның аумағында кельттер өмір сүрген. Кельттердің жыл санауы қыс және жаз болып екі бөліктен тұратын. Олар Күнді өздерінің жоғары құдайы деп санайтын. Олардың түсінігі ойынша Күн қыс мезгілінде өлілердің патшасы Самхэйннің (Самайн) тұтқынында болады-мыс.

Тура 31 қазан күні (әрине біздің жыл санауымыз бойынша) кельттер өздерінің Самхэйн деп аталатын ең үлкен мейрамдарын тойлайтын. Бұл мейрам күзгі өнімді жинау науқанының аяқталғанын және ескі жылдың аяқталуы мен жаңа жылдың басталуын білдіретіндіктен ерекше мәнге ие еді. 
Сонымен бірге Самхэйн – қыстың басталуын білдіретін. Кельттер пұтқа табынушылар болған, олар да өлімнен кейін де өмірдің болатынына сенетін. Кельттердің аңыздары бойынша Самхэйн өмір сүретін ақ дала өте әдемі болады-мыс. Аңызға сенетін болсақ, осы түні Самхэйн өткен шақ пен болашаққа есік ашады екен. 

Көптеген салттар және дәстүрлер Самхэйнмен байланыстырылған. Осы күні Ирландияның Тару атты бас қаласында барлық жауынгерлер жиналып, той жасайтын, ол күні-түні тойланатын болған. Самхэйн күні адамдар кейінірек друидтер (кельт халқының абыздары) берген қасиетті оттармен қайтадан жағу үшін, өз үйлеріндегі оттарды өшіріп қоятын. Бұл күн мазасыз әруақтар мен сиқырлы тіршілік иелері біздің әлемімізге өте алатын. Сондықтан да кельттер әруақтар сияқты киініп алып, арғы беттен келетін тылсым күштерді тыныштандыру үшін, әр үйге барып тамақ сұрап жүретін болған. 

Самайн мейрамында әртүрлі бал ашулар өткізілетін. Мысалға, жастар қосақталып отырып, ұзын пішіндісі – еркек, ал дөңгелектеу келгені әйел деп есептеп, шырмауық жапырақтарын жанып жатқан отқа лақтыратын болған. Алаудың екпініндегі жапырақтар бір-біріне жабысатын болса тойға, ал егер екі жаққа ұшып кетсе айрылысуға деп есептеген. Бал ашу кезінде көбінесе жаңғақты қолданған. Қыздар өз сүйіктілерінің адалдығына көз жеткізу үшін, жанып жатқан оттың жанындағы торларға аттары жазылғн екі жаңғақты қоятын болған. Сонда жаңғақтар бірдей жанып кетсе бәрі жақсы, ал егер олар жанбай, жан-жаққа ұшып кетсе – бұл жігіттің бейкүнәлігінің дәлелі деп саналған. 

Біздің дәуіріміздің І ғасырында римдіктер кельттерді жаулап алған. Бірақ мейрамдарын тойлауға тиым салмаған – ол Помон (өсімдіктердің әйел құдайы) күнімен тура келген. Уақыт өте Самхэйн сіңісіп кеткен.

Британия мен Ирландияның христиандануы жергілікті халықтың пұтқа табынушылар мейрамдарынан бас тартуына алып келді. Бірақ та Самайн ұмытылмады.

ІХ ғасырда ІІІ Папа Григорий барлық әулиелер күнін тойлауды 13 мамырдан 1 қарашаға ауыстырды. Сол кездерде бұл күнді жыл бойына өз мейрамдары болмаған әулиелерге бағыштаған. Мереке қарсаңындағы күн (31 қазан) ескі ағылшын тілінде All Hallows Even немесе All Hallows Eve («барлық әулиелер кеші») деп аталған. Кейінірек атаулар Hallowe'en немесе Halloween деп өзгертілген.

Пұтқа табынушылар мен христиандардың мейрамдарының тойлануы бір уақытта тура келуі, пұтқа табынушылар мейрамының сақталып, кельттердің жын-шайтандары христиандарға өтті. Орта ғасыр және Жаңа уақыт дәуірінде Хэллоуин жындар ойнағының уақытына айналды. 
Ішіне жанып тұрған шырағдандар орнату арқылы асқабақтан қорқынышты шамдар жасау дәстүрі Хэллоуинмен тығыз байланысты. Аңызға сенсек мұндай шамдарды қуақы және сараң ирландиялық ұста Джек ойлап тапқан екен. Ол осы шамдар арқылы шайтанды екі рет алдап, одан өз өміріне қастандық жасамайтыны туралы уәдесін алған-мыс. Бірақ та ұста күнәлары үшін жұмаққа жіберілмеген, және де ол шоқ болып жанған көмірді, жел тиіп өшіп қалмауы үшін бос асқабаққа салып, өз жолын жарық ете отырып, Ақырзаман келгенше Жер бетін кезіп жүруі керек болған. Осыдан келіп шамның — Jack-o-lanterns атауы пайда болған.

Қазіргі сипаттағы Хэллоуин тек ХІХ ғасырда ғана пайда болған. Еуропадан АҚШ-қа көшкен эммигранттар осы мейрамды алып келгеннен кейін, тек өткен ғасырдың 1920 жылы Нью-Йорк пен Лос-Анджелес қалаларында алғаш рет ресми тойланды. Хэллоуинде ағаштарды өртеу, шамдарды сындыру секілді ұсақ бұзақылықтар сәнге айнала бастады. 1950 жылдардан бастап Хэллоуин коммерциялық тұрғыдан пайда әкеле бастады. Костюмдер, әшекейлер, ашықхаттар және басқа да заттар өте жоғары сұраныстарға ие бола бастады. Содан бері Хэллоуин америкалық тинэйджерлердің сүйікті мейрамдарына айналды.

Кешегі күнге дейін тек қана АҚШ пен Канадада тойланып келген Хэллоуин Еуропа мен басқа да құрлықтардың көптеген елдеріне қанат жая бастапты. Сонымен қатар соңғы жылдары біздің елімізде де тойлануы байқалып жатыр. Түнгі клубтар маскарадтар мен түрлі ойын-сауықтар ұйымдастыру арқылы қыруар пайдаға кенеліп жатқан көрінеді. Тіптен кейбір мектептер мен оқу орындарында студенттер мен оқушылардың бастамасы бойынша да тойланып жатады екен (әрине, қарны тоқтар оқитын мектептерде). 

Бірақ та, бұл мейрамның танымалдығы өсуіне қарамастан, солтүстіктегі көршіміз Ресейдің Мәскеу патриархаты мен Ресей мүфтилерінің Кеңесі «Хэллоуин – Ресейге жат мейрам» деп санауда. 2005 жылы Мәскеу қаласының билігі бұл мейрамды тойлауға қарсы болған. Бірақ, тиым да салған жоқ. Сонда да мектептерде тойламауды өтінген. 

Бірақ әр нәрсенің екі жағы болатыны тағы бар. АҚШ-та латынамерикасынан шыққан үш жігіт Хэллоуин түні құбыжықтың киімдерін киіп алып, үйлерді тонап шыққан. Бір үйде үй иесі мен қонақтарына оқ жаудырып, бірнеше адамды опат қылған Мұндай оқиғалар басқа да елдерде болған екен.
Біздің елімізде тұрғын үйлердің сыртын, көшедегі көліктерді, аялдамаларды және әртүрлі жарнамаларды қирататын, бояп кететін, бүлдіретін бұзақыларға бұл мейрам таптырмас қызық болып отыр.

Бұл мейрам кімдерге пайда әкеледі?

Еліміздің экономикалық өркендеуін көре алмайтын, халықтардың тату-тәтті өмірін бұзуды көксейтін кейбір тоғышарлар, мейрамға қатысты іс-шаралар өткізетін көңіл көтеру орындарының бастықтары мен осы мейрамдарға қажетті заттарды сататын саудагерлер үшін өте үлкен табыс көзі болып отырған жайы бар.
Айталық, бір ғана Валентинка немесе құбыжық суреті салынған ашықхаттың ең арзаны 50-100 теңге шамасында.

Ал енді түнгі клубқа кіру құны дәрежесіне қарай 2000 теңгеден басталады. Оған қоса берілетін тапсырыстарды есептейсіз.

Еліміздің ертеңі болатын жастарымыздың көпшілігі имандылыққа бет бұрып намаз оқып (дәстүрлі ислам, Ханафи мазхабын ұстаушылар), арақ-шарап ішуден, нашақорлықтан бас тартып салауатты өмірге бейімделіп келе жатқанда әлгіндей арамыздағы жын-шайтандар іріткі салып әкетпесіне кім кепіл?

Сондықтан да мұндай жат мейрамдарды тойлауға заңмен қатаң тиым салынуы керек деп ойлаймын. 

Халқымыздың дәстүрлі мейрамы – Наурыз бен мұсылмандардың мейрамдары – Рамазан айт, Құрбан айт секілді жақсы мерекелерді тойлауға ықылас білдірмейтіндер, өзгенің қаңсығын таңсық көрмесе екен.

Ертеңгі күні бәріне кеш болғанда әдеттегідей бармақтарымызды тістеп қалмайық ағайын! 

                                                                                                                               Ақпарат көзі: kerekinfo.kz

                 

 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін