Жарияланды: 640

ХЕҰ: әлемде 115 миллион бала қауіпті жұмысқа тартылған

Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) соңғы жаһандық мәліметі бойынша, әлемде 115 миллион бала қауіпті жұмысқа тартылған. Бұл жұмыстар балалардың денсаулығына зиянын тигізіп, оларға моральдық тұрғыда қауіп тұғызуы мүмкін.

Бұл жайында бүгін Алматы қаласы Балалар құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Владлена Ермолович Дүниежүзілік балалар еңбегіне қарсы күрес күніне орайластырылған баспасөз мәслихатында мәлім етті. Оның айтуынша, жыл сайын маусым айының 1-12 аралығында Қазақстанда «12 күндік балалар еңбегін пайдалануға қарсы күрес» Ұлттық ақпараттық науқаны өткізіледі. «Биылғы халықаралық науқан «Назар аударыңыздар! Балалар қауіпті жұмыстарда! Балалар еңбегінің нашар түрлерін жояйық» тақырыбында өтуде. Бұл шараны өткізудегі басты мақсат - балалар еңбегінің мәселелері және оның шешу жолдары жайлы ақпаратты тұрғындарға кеңінен жеткізу болып табылады»,-дейді ол. Алматы қаласында қауіпті және зиянды жұмыс түрлерінде жұмыс жасайтын балаларға арналған 2011 жылдың 12 күндік науқанды өткізу Алматы қаласы әкімінің орынбасары, балалар еңбегінің ең нашар түрлерін жою жөніндегі үйлестіру кеңесінің төрағасымен бекітілген. Мамандардың пайымдауынша, балалар еңбегінің ең нашар түрлерін, жастарды кәсіби мамандықтарға оқытумен алмастырып, балаларды еңбекпен қамту және жазғы демалысын ұйымдастыру қажет. Осы тұста Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау департаменті серіктестерінің бірі болып табылатын халықаралық әлеуметтік жобалар қауымдастығымен 9-шы сынып бітірушілерге арнап жасөспірімдердің қабілетін анықтау мен бағалауға бағытталған семинарлар ұйымдастырмақ. Жалпы Алматы қаласының Балалардың құқықтарын қорғау департаментінде балар еңбегінің ең нашар түрлерінің алдын алу және жою жөнінде «жедел желі» жұмыс істейді. Аталған жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, Ішкі істер департаменті, Алматы қаласы бойынша Бақылау және халықты әлеуметтік қорғау департаменті, МЕҰ және тағы басқа ұйым өкілдері қатысты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін