Кино – тәрбие құралы: Елімізде балалар әдебиеті де, киносы да  дамымай тұр - kaz.caravan.kz
  • $ 502.83
  • 545.37
+10 °C
Алматы
2025 Жыл
22 Наурыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Кино – тәрбие құралы: Елімізде балалар әдебиеті де, киносы да  дамымай тұр

Кино – тәрбие құралы: Елімізде балалар әдебиеті де, киносы да  дамымай тұр

 Әділетті Қазақстан құрамыз дейміз. Оны кім құрады?

  • 6 Ақпан
  • 10
Фото: жеке парақшасынан алынған

Қара шаңырақ ұлттық тәрбие беру орталығының жетекшісі және тарихшы еліміздегі бала тәрбиесі мәселесін көтерді. Айтуынша, елімізде балалар әдебиеті мен киносына дұрыс көңіл бөлінбей келеді.

Тұрар Сәттарқызы өзінің балалық шағындағы мағынасы терең фильмді мысалыға келтірді.

«Балалық шағымда жақсы көретін фильмімнің бірі «Тоғызыншы ұлдан сақтан, дұшпан» («Бойся, враг, девятого сына») деп аталатын. Қайталап көре беретінмін, көрген сайын көзіме жас келетін. Тәрбиелік мәні зор фильм. Осы фильмнің идеясын нағыз ұлтшыл адам айтқан сияқты. Бұл жерде азаттықты аңсау, сананың тәуелдігі, ұлтты тек құндылығы ғана сақтап қалады деген терең ой жатқандай»,- деді ол.

Ол кездегі кинолардың қайсысын алсаң да, ойы да, мақсаты да, кейіпкерлерінің рөлді сомдауы да мықты болатын. Бұл фильм 1984 жылы шыққан, қазақ халық ертегісінің сарынымен түсірілген. Малшы Ержанның кенже баласы Еркенже әкесі мен сегіз ағасын іздеп жолға шығады. Зұлым сиқыршы Тасбол оларды тас мүсінге айналдырып тастаған екен.

Ертегінің жас кейіпкері өзінің мейірімді, өжет, қайсар мінезінің арқасында зұлым сиқыршыны жеңеді. Еркенженің қайсарлығы мен қара домбырамыздың сырлы сазы сиқыршының зұлым дуасын қайтарып, әкесі мен ағаларын тас бұғаудан босатуға мүмкіндік береді. Осы фильмде Еркенженің домбырасынан төгілген күй ағаларының тасқа айналған жүрегіне шымырлай еніп, көздерінде от, жүректерінде рух, намыс оянады.

«Шынымды айтсам, кеңес кезінің өзінде өскелең ұрпақтың рухын көтеретін, ұлттық аспаптың рухани күш-қуатын көрсететін, отансүйгіштікке, мейірімділікке, отбасы құндылықтарының маңызын ұғындыруға тәрбиелейтін осындай фильмнің түсірілгеніне әлі таңғаламын», — деді Тұрар Шәкен.

Бүгінде тәуелсіз мемлекетпіз, егеменді елміз. Бірақ бүгін балалар әдебиетінің де, балалар киносының дамуына көңіл тола бермейді. Балаларға арналған ертегі-кинолар мүлдем түсірілмейді. 

Өскелең ұрпақтың тұлғалық өсуіне, дүниетанымын қалыптастыруда, оған үлгі-өнеге болар дүниені көрсетіп, бала бойында туған жеріне, еліне, ана тіліне деген құрмет, ұлтына деген сүйіспеншілік, отансүйгіштік, мейірімділік, адалдық, әділдік, үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды қасиеттерді сіңіруде, ұлттық идеологияны дәріптеуде кино өнерінің рөлі зор.

Ал бүгінгі ұрпақ шетелдің мультфильмін, сериалдарын қарап, жанына жат құндылықтарды сіңіріп өсіп келе жатыр. Жастардың бойына Отанға деген сүйіспеншілік пен ұлттық құндылықты сіңіре алмағанымыз үшін кімді кінәлаймыз?

Әділетті Қазақстан құрамыз дейміз. Оны кім құрады? 

Мемлекеттің болашақ азаматтары — бүгінгі өскелең ұрпақ. Ертең еліміздің тұтқасын ұстайтын, бүгінгі ұрпақты отансүйгіш, адал, рухты етіп тәрбиелесек ғана еліміздің келешегі мықты болмақ. 

«Ұрпақтың өнегелі, өрелі, рухани бай болып өсуіне, өз ұлтының құндылықтарын бойына сіңіріп өсуі үшін әрқайсымыз жауаптымыз. Қазақ елінің ертеңін ойласақ, өз құндылығымызды өзектен теппейік, жат дүниені насихаттап, ұрпақ тәрбиесіне зиянымызды тигізбейік», — деп кеңес берді.