Көкпектідегі апаттан соң тасқынның алдын-алуға жауапты болған шенеуніктер тергеле бастады - kaz.caravan.kz
  • $ 472.03
  • 540.29
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
5 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Көкпектідегі апаттан соң тасқынның алдын-алуға  жауапты болған  шенеуніктер тергеле бастады

Көкпектідегі апаттан соң тасқынның алдын-алуға жауапты болған шенеуніктер тергеле бастады

Қарағанды облысында төтенше жағдай. Күннің күрт жылынуынан еріген қар Бұқар жырау ауданының Көкпекті ауылындағы су қоймасын ернеуінен асырып, бөгетті жарып жіберді. Салдарынан 5 адам қаза тапты. Тағы бірнешеуі із-түзсіз жоғалғандар санатында. Ал он адам ауыр жараланды. Тасқын 300-дей үйді шайған. Тұрғындар қазір шығынның санына жете алмай жатыр.

  • 1 Сәуiр 2014
  • 444
Фото - Caravan.kz

Мынау тасқын болардан 2 сағат бұрынғы көрініс. Төтенше жағдай қызметкерлері қойманың ернеуінен асқан судың қарқынын қадағалап тұр. Секунд санап көтеріліп келе жатқасын ауылдағылар да аяғынан тік тұрғызылған. Құлақтанған жұрт баспаналарын тастап, мектеп ғимаратына ағылып жатыр.

-Биіктігі шамамен 20 метрдей болатын мына дамба дәл осы жерден жарылған. Мына бетіндегі жиналып, ернеуінен асқан судың бір мезетте лап бергенін елестетудің өзі ауырлау. Ішінде ірі қар мен мұздың бөлшектері бар тасқын санаулы секундттардың ішінде Көпектіге жетіп, ауылдың астаң кестеңін шығарды.

Мына тұрғын үй айналасы 10 минуттың ішінде қаққа бөлініпті. Биіктігі 2 метрге жететін толқынның жойқын соққысын селмен келген қалың мұздар еселеп жіберген. Өзеннің ернеуіне симаған су екі бетке жағалай орналасқан 300-ге тарта баспананы шайған. Баспаналарын тастай қашқан қарбаласта қаракет қыла алмаған 5 адам суға кетті. Хабар-ошарсыз кеткендер де бар. Оларды «су ағызып әкетуі мүмкін» деген болжам жасалуда. Селден қашып құтылған кей жұрт бастан құлақ садаға деп, ентігіп тұр.    

Мейірім Әукешов Көкпекті аулының тұрғыны:  

-Мен ата-анамды үйден алып шығып судан қаштық. Су тура артымыздан келеді. Әйтеуір қашып үлгердік, бірақ артымызда келе жатқан екі қызды су жұлып әкетті. 

Байтал түгіл бас қайғымен барар жері жоқтар мектеп ішінде бүрісіп отыр. Бұлардың көбі тасқыннан қашып, шатырларына шығып отырған жерлерінен осында әкелінген. Кейбірі құжаттарын да алып үлгермепті. Ал таң алакеуімде сеңдей соғылысқан жұрт су шайып кеткен баспаналарын аралап азан-қазан болды. Өйткені аула толы малдың өлексесі. Ішті айтпағанда үйдің сыртындағы ауыр заттармен қоса көліктердің өзі ағаштарға қаңбақша ілініп қалған. Жергілікті билік енді келген шығынды санаймыз деп отыр.


Бауыржан Әбдішев Қарағанды облысының әкімі:

-Әрбір ауланы қарап шығуымыз керек. Қай үй қандай жағдайға ұшырады. Қанша мал қырылды. Барлығын анықтаймыз.

Қазір оқиға орнындағы құтқару жұмыстарына Астанадан шұғыл ұшып барған  Төтенше жағдайлар министрінің өзі жетекшілік етуде. Владимир Божко судың күрт көтерілуіне ауа-райы себеп болғанын айтты.

Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі

-Жоғарғы жақтағы су қоймасынан кеткен су келіп, мына дамбаны жарды деу бос әңгіме. Кешелі бері тұрған 18 градустық жылылық қызыл судың көбеюіне бірден бір себеп болды.

Бірақ тұрғындар қар суының бір мезетте мұндай кесапаттың келтіргеніне күдікпен қарайды. Айтуларынша, қойманы соңғы жылдары меншіктеп алған кәсіпкер ондағы судың деңгейін шамадан асырып жіберген.  Шенділер болса, жұртқа жұт боп тиіп, мал мен жанды жалмаған апаттың себебін тек арнайы комиссия анықтайтынын жеткізді. Төтенше жағдай дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Әзірше, нақты күдіктілер жоқ. Бірақ көктемгі тасқынға жауапты болған аудандық, облыстық атқамінерлерден жауап алынуда. Ал Көкпектіні жайпап өткен судың қалдығы енді төменде орналасқан Жұмысшы ауылының үйлеріне кіріп жатыр.