Көкшетауда 330 миллионға жаңадан төселген жол опырылып жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Көкшетауда 330 миллионға жаңадан төселген жол опырылып жатыр

Көкшетауда 330 миллионға жаңадан төселген жол опырылып жатыр

Көкшетауда жаңа төселген жол жарамсыз болып қалды. Асфальт ортасынан опырылып, жаяулар жолағының кей жерлері тіпті қақ айырылған. Ал жолдың төселгеніне бір ай ғана уақыт болған екен. Бұған бюджеттен 330 миллион теңге бөлініпті. Осыншама қаражат жұмсалса да, шала-шарпы іс көпке бармай бүлінген. Бірақ жол төсегендер олқылықты өздерінен көріп отырған жоқ.

  • 31 Қазан 2015
  • 383
Фото - Caravan.kz

-Бұл көшеге бұрын асфальт төселіп көрмеген. Сондықтан, жол жөнделе бастағанда тұрғындар қатты қуанған. Енді, міне, 1 ай өтпей жатып, жырым- жырым болған жаңа асфальтты көріп, жағаларын ұстап отыр. Сонда миллиондаған мемлекет қаржысы қайда кетті дейді олар.

Су жаңа жолдың көзді ашып жұмғанша мынадай жағдайға жеткенін көрген тұрғындар өз көздеріне сенер емес. Онымен енді жүрудің өзі қорқынышты. Жолдың жиектері мүжіліп, жаяулар жолағы опырылып жатыр. Қақ айырылған тұстары да бар.

-Іргетасы бәрі түсіп жатыр. Жазғытұры не болады. Бұлай істеліне ме екен. Істеген соң дұрыстап істеу керек,иә  істемеу керек.

330 миллион теңге бөлінген жұмыс тегіс аяқталған. Енді мемлекеттік комиссия қабылдап алуы тиіс болатын. Бірақ мұндайды шенеуніктердің өздері күтпепті. Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары мен коммуналдық қызмет басшысы нысанды қабылдап үлгермегеніне қуанудың орнына әлі 3 жыл кепілдігі бар ғой деп жуып-шайып жатыр.

Ал осы көшені аяқтай салып, басқа көшеге асфальт төсеуге кеткен «Көкшеавтодор» компаниясының басшылары да өздерінің сапасыз жол салғанын мойындағысы жоқ. Бұл қар суынан болған деп бет бақтырмайды. Енді бір жұмысты екі рет істемек.


Николай Кулевич, «Көкшеавтодор» ЖШС учаске бастығы:

Таңертең ерте кірісіп жатырмыз. Бұған біздің кінәміз жоқ. Ондай барлығында болады. Су ағатын арық дұрыс жасалмаған. Бір жұмысты екі рет істеу шығын, әрине. Бірақ  реттейміз.

Мердігер компания олқылығын түзеу үшін бұл жерге осылайша қайта келді. Енді олар мұнда бетон төсемек. Шығыны көптеу болса да, көтереміз деп отыр.