-Еу, тоқтаңдар!
Көкшетау көшесін қардан тазалап жатқан коммуналдық қызмет емес, жол төсеушілер. Ақша бөлінгесін әйтеуір жұмсап үлгерудің амалымен ақ-түтек боран мен түнге де, бассыздықты көріп шу шығарған тұрғындарға да қарап жатқан жоқ. Ыстық асфальтты қардың үстіне төге салып, жанталаса төсеп жатыр.
— Не істеп жатырсыңдар?
— Не болды, қатып қалады ғой.
— Нені төсеп жатқандарыңды білмесеңдер не істеп жүрсіңдер?
Аула жөндеп жатқандар бұған дейін талай рет тұрғындар қарсылығына тап болған. Сапасыз істеліп жатқан жөндеуді көріп, жұрт жауапты шенділерге де шағымданыпты. Бірақ, оған бақылау жасап жатқан жан жоқ.
Гүлден Құсайынова, Көкшетау қаласының тұрғыны
-Бетімен кеткен. Түнде қандай асфальт салады? Қар жауып тұр күнімен. Түнде салғаны несі?
Ольга Лынник, Көкшетау қаласының тұрғыны:
-Мен өзім құрылыс инженерімін. Осы салада өмір бойы жұмыс істедім. Қардың, жаңбырдың астында асфальт төсеу деген қылмыс. Оның үстіне жердің алғашқы балшық қабатын алып тастау керек. Көресіздер, көктем келгенде бұл асфальттан түк те қалмайды.
Сөйтсе бюджеттен ақша әлдеқашан бөлініп қойған екен. Енді сол 54 миллион теңгеге аула тегіс жөнделуі тиіс. Қағаз жүзінде есеп беріп құтылса болғаны, қар, сапа, қарсылық дегенге бұлардың түкіргені бар. Ақшаның алғашқы бөлігін игеру үшін мердігер компания алды артына қарап жатқан жоқ. Ал әкімдік әдеттегідей айдан түскендей кейіпте отыр. Тіпті қар астында жол құрылысының жүріп жатқанынан бейхабар.
Абай Қадыралиев, Көкшетау қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
-Қарлы күні олардың жұмыс істеп жатқанын білмедік. Дегенмен осы жағдайдан кейін біз оларға 3 жыл кепілдік беруін талап еттік. Компания негізі қазанның 15-інде жұмысты аяқтауы тиіс болған. Енді асығып жатқаны сол.
Көкшетау қаласында биыл осындай 20 аула күрделі жөндеуден өтті. Оған бюджеттен жарты миллиард теңге бөлінген. Сол қыруар қаржыға осылай жүрдім-бардым салынған жолдардың алды мүжіліп, сыр бере бастапты.