Жарияланды: 670

Көкшетауда жекеменшік балабақшаның қарызы 3 млн теңгеге жеткен

Көкшетауда “Балапан” бағдарламасы бойынша ашылған жекеменшік балабақшалардың бірі тығырыққа тіреліп отыр. Мекеме қызметкерлердің жалақысын екі айдан бері төлей алмауда. Азық-түлік ақшасы да сарқылуға шақ қалған. Балабақша басшыларының айтуынша, қалалық білім беру бөліміндегілер лицензияны о баста дұрыс бермеген. Қиындықтың бәрі осыдан шығып отырғанға ұқсайды. Ал осы тұста Көкшетауда мектепке дейінгі мекемелерге 8 мыңға жуық сәби кезекте тұр.

«Балапан» бағдарламасы бойынша мемлекеттен дотация алатын жекеменшік балабақшалар кезек мәселесін шешудің бірден-бір жолы болатын. Сондықтан көкшетаулықтар балаларын ойланбастан осындай мекемелерге орналастыра бастаған. Алайда балабақшадағы шикіліктің беті енді ашылып жатыр.

Виталий Нафрудский, ата-ана:

- Мемлекеттік балабақшаға орын болған жоқ. Менің сәбиім кезекте 250-ші болып тұрды. Балаларың 1-сыныпқа барғанша,бақшаға үлгермейді деді. Сосын мынау жекеменшіктегіге тіркедік.  Енді жабылып қалса, қайда барамыз?

Ата-аналар да балабақшаға дотация беріледі деп сеніп келген. Сөйтсе, дотация былай тұрсын, мекеме  қызметкерлерінің жалақы алмағандарына біраз уақыт болыпты. 

Татьяна Степанова, тәрбиеші:

- Жалақы ала алмай жүргенімізге екі ай болды. Бұлай жүре алмаймыз, кімнің тегін жұмыс істегісі келеді?

«Енді бірер күнде балаларға тамақ алатын ақшамыз да таусылады» -дейді балабақша меңгерушісі. Ол мемлекеттен дотация берілмеуіне қалалық білім бөлімін кінәлап отыр.

Гүлнұр Әубәкірова, балабақша меңгерушісі:

- Білім бөлімі лицензияны дұрыс бермеген. Лизцензияны жеке балабақша «қоғамдық балалар қорының атынан жұмыс істейді»деп жазып қойған. Олар қазір қайта көшіріп жазды. Бірақ әлі бағдарламаға енгізген жоқ. Сонда бізден 6 ай бойы қалайша, не үшін  атқарылған жұмыс актілерін қабылдап келді?

Болат Кенжетаев, «Көкшетау қалалық білім бөлімі» ММ заңгері:

- Бұл балабақша қоғамдық қор бойынша ашылған. Сондықтан «Балапан» бағдарламасынан дотация күтпей-ақ қойсын. Оларды тек жақында осы бағдарламаға қайта тіркеп, жаңа лицензия бердік.

Алты ай бұрын  осы мекеменің салтанатты ашылуы болған. Сонда қала басшылығы «Балапан» бағдарламасы аясында бір күнде Көкшетауда үш бірдей  жекеменшік балабақша ашқан болатын. Қазір аталған балабақшаның жалақы және азық-түлік үшін қарызы 3 млн теңгеге жетіпті.

Балабақша басшылығы: «Лицензиямыз дұрыс болмаса, сонда біз 6 ай бойы заңсыз жұмыс істеп келдік пе?» -дейді. Ата-аналар қазір  аталмыш жағдайға байланысты  құзырлы орындарға шағым түсірді. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть