Жарияланды: 890

"Коллекторлар адамды өз-өзіне қол жұмсауға итермелеуде" - журналист

"Коллекторлар адамды өз-өзіне қол жұмсауға итермелеуде" - журналист Сурет - Politeonline.ru

Журналист Оңғар Қабден Қазақстандағы коллекторлық Заңды дұрыстап қарау керек деп санайды.

Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

"Қазақстандағы коллекторлық Заңды дұрыстап қарау керек. Коллекторлар адамды өз-өзіне қол жұмсауға итермелеуде.

Шығыс Қазақстанда былтыр болған оқиға баршамызға сабақ болуы тиіс. Ұлан ауданы, Таврия ауылында тұратын он баланың анасы еріктілерден көмек сұрапты. Он баланы жалғыз өзі өсіріп отырғанын, балаларының оқуына ақша таба алмағандықтан екі банктен кредит алғанын, кісілерден пайызбен қарызға ақша алғанын айтқан он баланың анасы көмектесулерін өтінген. Себебі, банктегі іс коллекторларға өтіп, коллекторлар жалғыз басты қорғансыз ананы қорқытуға көшкен.

Еріктілер барғанша шыдамаған әйел өз-өзіне қол жұмсап асылып қайтыс болыпты. Он бала жетім қалды. Әкелері алдында қайтыс болған. Сонда Ананы өзіне қол жұмсауға дейін жеткізгендерге неге шара қолданбады екен?

Іске "Харекет" қоры араласып, он балаға Өскеменнен Ахмерден үй алып берді. Қазір он бала өз күндерін өздері көріп жатыр. Ал, ана банктер балаларға звондайды екен. Аналарыңның банкте 50 мың теңгесі қалыпты. Сендер нотариалды түрде барып біреуің өз аттарыңа мұрагерлікті заңдастырсаңдар ана ақшаны ала-аласыңдар деп звондапты. Балаларға көмектесіп жүрген еріктілердің бірі шыр ете түсіпті. Елу мыңы құрысын ешқандай мұрагерлікті алма деп. Сөйтсе, марқұм аналарының жабылмаған несиесі балаларға өтеді екен. Көрдіңіз бе банктің қорғансыз балаларды қалай қақпандарына түсірмек болғанын. Аналарыңның ахиреттегі қарызын төлеңдер. Аналарың қарызбен кетті ғой деп қоңырау шалатындарын қайтерсің. Сонда ақылға сыймайтын пайызбен халықты қанап отырған банктер ахиретте не деп жауап берер екен?

Мен өзім ел-ішінде көп жүремін. Ауыл-аймақтардың барлығы дерлік банктердің тұтқыны. Көп балалы аналар балаларының жәрдемақысымен несиесін жауып отырғанын бәрі біледі.

Банктердің несие пайызын қайта қарап, коллекторлық Заңды өзгертпесе банктер халықтың қаққанда қанын, сыққанда сөлін сығып отыр", - деп жазды ол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін