Жарияланды: 760

Конституциялық кеңес сайлау туралы заңға енгізілетін түзетулерді Ата заңға сәйкес деп тапты - толық ақпарат

ҚР Конституциялық кеңесі сайлау туралы заңға енгізілетін түзетулерді Ата заңға сәйкес деп тапты. Бұл туралы бүгін, 9-сәуірде кеңес қаулысын оқып таныстырған ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі Анатолий Котов хабарлады.

А.Котовтың айтуынша, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңның ережелері қабылдану процедурасына және мазмұнына қарай ҚР Ата заңына қайшы келмейді. А.Котовтың айтуынша, Конституциялық кеңес сайлау туралы заңға енгізілетін түзетулерге "жалпылама және жан-жақты" талдау жасаған. Мәселен, Конституциялық заңның "бұрындары сот бойынша жазасын өтеп шыққан, немесе үміткер ретінде тіркелетін кезде жазасын толық өтемеген, немесе заңды тәртіп бойынша жазасын өтеуден босатылмаған адамды ҚР президенттігінен және өкілетті органдардың депутаттығынан үміткер ретінде тіркеуге болмайды деген ереже ҚР Конституциясының 39 бабы, 1-тармағында көрсетілген мақсаттарға сай келеді, әрі ол қандайбір белгісіне қарай алалаушылық сипатта емес",- деді А.Котов. Түзетуде қарастырылған аумақтық сайлау комиссияларын құрудың жаңа тәртібін де Конституциялық кеңес Ата заңға сәйкес деп таныды. "Конституциялық заңның бұл ережесі жалпы демократиялық принциптер мен Конституция рухына сәйкеседі. Әрі ол ҚР Конституциясының 33 бабы, 1-тармағында көрсетілген Қазақстан азаматтары өздері тікелей немесе өз өкілдері арқылы мемлекетті басқаруға атсалысатындығы жөніндегі негізгі азаматтық құқықтарын жүзеге асыруға түрткі болады",- деді А.Котов. "Сайлау туралы" заңға өзгерістер енгізу арқылы қолданыла бастайтын электронды сайлау жүйесі де Конституция ережелерін бұзу болып табылмайды, деді ол. Конституциялық кеңестің атап көрсетуінше, "заң бойынша енгізілетін электронды сайлау жүйесін Конституция нормаларында негізі қаланған сайлау жүйесінен өзгеше, дербес сайлау жүйесін қолданысқа енгізу, немесе сайлауды өткізу және оның қорытындысын айқындаудың жаңаша түрін енгізу деп ұғынауға болмайды". Болашақты болжай қолданысқа енгізілгелі отырған электронды сайлау жүйесі қосалқы ақпараттық технологиялық маңызға ие. Бұл Конституциялық заң бойынша оған қойылып отырған талаптармен дәлелденеді, деді А.Котов. "Конституциялық кеңестің пікірінше, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға парламент тарапынан енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар барлық сайлау сатыларындағы жариялылық аясын арттырып, қаржылық ашықтықты қамтамасыз етумен бірге сайлау процесіндегі баламалылық принципіне құқықтық кепілдікті қалыптастырады,- деді А.Котов.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін