Көптен бері жалақы алмаған диқандар маңдай тер ақыларын талап етті
Ақмола облысында диқандар дүрлігіп жатыр! «Бурабай-2007» агрофирмасының жұмысшыларына үш айдан бері жалақы берілмепті. Сондай-ақ, жерін жалға беріп отырғандар да үлесін ала алмай жүр. Бүгін соларды талап етіп 100-ден аса адам жиналды. Айтуларынша, фирма басшылығы тиесілі ақшаны жаңа келісім-шатқа қол қойсаңдар ғана береміз депті. Ал онда жерді банкке кепілдікке қоюға, басқа біреуге жалға беруге тек құрылтайшы хақылы болады делінген. |
12 ауылдың тұрғындары 7 жылдан бері егістік алқаптарын «Бурабай-2007» агрофирмасына жалға беріп, шаруашылықтан 10 пайыз үлесін алып, күн көрген. Және мұнда осы өңірдегі 200-дей адам жұмыс істейді. Енді бәрі тиесілі үлес пен 3 айдан бері жалақыдан да қағылып отыр.
Александр Колбик, жұмысшы
-Таңнан қара кешке дейін жұмыс істеймін, қырманда астық аударамыз. Ал жалақымызды бермей жатыр.
Жұмысшылардың ойынша, агрофирма басшылары бұларға жалақыны жаңа келісім-шартқа қол қоймағаны үшін әдейі бермей отыр екен. Яғни жұртты осындай әдіспен бопсалайтын көрінеді. Ал жаңа келісім-шартта жерді банкке кепілдікке қоюға, басқа біреуге жалға беруге құрылтайшы ғана хақылы делінген. Бұған жұмысшылар, әрине, қарсы.
Галина Четверик, Златополье ауылының тұрғыны
-Қол қойғызу үшін агрофирма өз жұмысшыларын жалақысыз қалдырып, тиесілі 10 пайыздық үлестерін де бермей отыр. Бұл барып тұрған бопсалау!
Не жалақы, не үлестерін ала алмай бастары қатқан тұрғындар алдағы қысқа да әзір емес. Алғашқы қар жауып суық түссе де, жемазықтары жоқ. Ал агрофирма басшысы бәрі дұрыс болады деп жәйбарақат отыр.
Дәулет Тазабеков, «Бурабай-2007» агрофирмасының бас директоры
-Үлестің барлығы беріледі. Қыркүйектің жалақысын жәйлап беріп жатырмыз. Астық әлі сатылған жоқ. Аздап кешіккені сондықтан. Ал бопсалау дегені өтірік.Тұрғындар келісім-шартты дұрыс түсінбей жүр.
Агрофирманы Астанада отырып басқаратын бас директор бұған дейін халықпен кездесіп, бәрін түсіндірген екен. Сондықтан жаңа келісім-шарттың талаптарын өзгерте алмаймыз, бәрі заңды деп отыр ол.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін